Балқаштағы өліммен аяқталған төбелес: сот үш адамға үкім шығарды
Қарағанды облысындағы Балқаш қаласында ер адамды өлімші етіп сабаған жасөспірім мен екі ересек азамат 8 және 9 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оқиға былтыр желтоқсанда болған
Сот материалдарына сәйкес, былтыр 22 желтоқсанға қараған түні Балқаш қаласында төбелес болған. Сонда кәмелетке толмаған жасөспірім мен онымен бірге сотқа тартылған екі азамат ер адамға жұдырық жұмсап, аяқпен басынан бірнеше рет тепкен.
Ауыр жарақат алған жәбірленуші ауруханада көз жұмды.
Сот шешімі
Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істі қарап, сотталушыларды абайсызда адам өліміне әкеп соққан, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру қылмысы бойынша кінәлі деп таныды.
Сот үкімімен кәмелетке толмаған А. 8 жылға, ал А. және Қ. есімді ер адамдардың әрқайсысы 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тараптар қандай жаза сұрады
Сот отырысында прокурор кәмелетке толмаған сотталушыны 8 жылға, ал қалған екі азаматты 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Жәбірленуші тарап сотталушылар әрекетін Қылмыстық кодекстің адам өлтіруге қатысты 99-бабы 2-бөлігіне қайта саралауды талап етті. Ал қорғау тарапы сотталушыларды ақтауды сұрады.
Марқұмның туыстарына өтемақы төленеді
Сот жәбірленуші тараптың моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талабын ішінара қанағаттандырды. Сотталушылардан 10 миллион теңге моральдық өтемақы мен 3,5 миллион теңге өкілдік шығындары өндірілетін болды.