«Соғыстың насихаты ма»: Астанадағы үйлердің біріндегі безендіру сұрақ туғызды
Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде орналасқан балалар ойын алаңының безендірілуі әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Алаңдағы әскери тақырыптағы суреттер мен Ресей туының түстеріне ұқсас бейнелер қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Балалар күн сайын неге соғысқа қатысты суреттерді көруі керек»

Әлеуметтік желіде Дидар есімді астаналық тұрғын «Шар Құрылыс» тұрғын үй кешеніндегі балалар ойын алаңының безендірілуіне қатысты жазба жариялады. Оның айтуынша, балалар алаңында соғыс тақырыбын еске түсіретін суреттер бейнеленген. Жазба авторы мұндай көріністердің балалар күнделікті ойнайтын жерде орналасуына қарсылық білдірді.
«Неге балалар ойын алаңында күн сайын соғысқа арналған суреттерді көруі керек? Астана. «Шар Құрылыс» тұрғын үй кешені», – деп жазды ол.
Желі қолданушысы жазбасының астында кейбір адамдар кінәлілерді жазалауды талап еткенін, алайда ондай пікірлерді өшіріп отырғанын жеткізді.
«Біреудің айыппұл төлегенін немесе жұмысында қиындыққа тап болғанын қаламаймын. Менің ойымша, аула тұрғындарының рұқсатымен бұл суреттердің үстінен бас0а 2дем3 суреттер салса жеткілікті болар еді. Өзім бұл үйдің тұрғыны емеспін. Егер сурет сала алатын, көмектесуге ниетті адамдар табылса – жақсы болар еді», – деді Дидар.
Осылайша, жазба авторы мәселені біреуді жазалау арқылы емес, балалар алаңындағы суреттерді өзгерту арқылы шешуді ұсынды.
Ресей туының түстеріне ұқсас бейнелер де сынға ұшырады
Жарияланым әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қолданушылардың түрлі пікірін туғызды. Кейбірі балалар алаңындағы әскери тақырыптағы суреттерге ғана емес, ұшақтардың артындағы түтіннің Ресей Федерациясы туының түстеріне ұқсастығына да назар аударды.
«Астана әкімдігі мен полиция департаменті, шара қолданыңыздар. Неге балалар алаңы осылай безендірілген? Оның үстіне Ресей туының түстері қолданылған», – деп жазды қолданушылардың бірі.
Тағы бір желі қолданушысы суреттерді алғаш көргенде олардың Қазақстанда орналасқанына таңғалғанын жеткізді.
«Шынымды айтсам, бұл Қазақстан екенін білгенде таңғалдым. Басында Ресей деп ойладым. Ұшақтардың артындағы түтін неге Ресей туының түстерімен бейнеленген? Бұл да біртүрлі. Ұл балалардың әскери тақырыпқа қызығатынын түсінемін, бірақ мұндай суреттерді балалар алаңына орналастыру қаншалықты дұрыс?» – деп пікір қалдырды ол.
Пікір білдірушілердің тағы бірі тұрғын үй кешеніндегі ойын алаңдарының жабдықтары алдын ала таңдалып, орнатылатынын айтып, мұндай безендірудің кімнің шешімімен жасалғанын анықтау қажеттігін көтерді. Ол тұрғын үй кешенінің басшылығына қатысты күдік білдіріп, e-Otinish платформасы арқылы шағым түсіруге немесе полицияға жүгінуге шақырды, алайда пікірдегі айыптауларды растайтын нақты дәлелдер келтірілмеген. Басқа қолданушы да суреттердің бірінен Ресейдің үш түсті туына ұқсас бейнені байқағанын айтып, оның балалар алаңында орналасуына наразылық білдірді.
Балалар алаңын кім безендірген
Пікірталас барысында ойын алаңдарын жабдықтайтын компанияларға қатысты мәселе де көтерілді. Желі қолданушыларының бірі өзінің үйінің алдындағы балалар алаңын Ресей компаниясы жасағанын айтып, шетелдік өндірушілердің Қазақстандағы мұндай жобаларға қатысуына қатысты алаңдаушылық білдірді.
«Мен тұратын тұрғын үй кешенінің алдындағы балалар алаңын да Ресей компаниясы жасапты. Соған қарағанда, олар тендер ұтып алатын болуы керек. Менің ойымша, мұндай жағдайда шетелдік компанияларды мүлде қатыстырмау қажет», – деп жазды ол.

Дегенмен талқыланып отырған алаңның жабдықтарын нақты қай компания дайындағаны, оны кімнің тапсырысымен орнатқаны және безендіру жұмыстарына кім жауапты болғаны әзірге белгісіз.
Сондай-ақ, суреттердегі түстердің Ресей туымен байланысты екені немесе олардың қандай да бір саяси мағынада қолданылғаны ресми түрде расталған жоқ.
Әлеуметтік желі қолданушылары балаларға арналған қоғамдық кеңістіктердің безендірілуіне жауапкершілікпен қарау қажеттігін көтеріп отыр. Ал жазба авторы мәселені бейбіт жолмен шешіп, әскери тақырыптағы суреттерді балаларға лайықты басқа бейнелермен алмастыруды ұсынды.