$ 450.69 € 505.04 ₽ 5.45
Жаңалықтар

Тоқаев шенеуніктер жұмысын бағалайтын 2010 жылдан бергі жүйенің күшін жойды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жыл сайын бағалаудың 2010 жылдан бері қолданыста болған жүйенің күшін жойды. Тиісті жарлық 2026 жылы 21 қазанда қолданысқа енді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бұрынғы жүйе нені бағалады

16 жылда министрліктер мен әкімдіктердің жұмысы бірнеше бағыт бойынша сараланып келді. Мемлекеттік органдардың белгіленген мақсаттарға жетуі, бюджет қаражатын пайдалануы, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы, азаматтардың өтініштерімен жұмысы және персоналды басқаруы ескерілді. Бағалау қорытындысы бойынша рейтиң жасалды. Төмен нәтиже көрсеткен мемлекеттік орган басшысының жауапкершілігін қарау мәселесі көтерілуі мүмкін еді. Дегенмен нашар баға алған басшы автоматты түрде қызметінен босатылмаған.

Бұрынғы жүйеден бас тартуға бағалау рәсімдерінің қайталануы себеп болған. Жоғары аудиторлық палата елде мемлекеттік органдардың жұмысын бағалаудың тоғыз түрлі форматы барын анықтаған. Олар көбіне бірін-бірі қайталап, ведомстволар қызметінің тиімділігі туралы толық көрініс бермеген.

Жаңа бағалау қалай жүргізіледі

Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалаудың жаңа қағидаларын әзірлеу және бекіту Жоғары аудиторлық палатаға жүктелді.

Бағалау кезінде мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың даму жоспарларындағы мақсаттарға қаншалықты қол жеткізгені қаралады. Бұдан бөлек, бюджет бағдарламаларының паспорттарында көзделген түпкілікті нәтижелердің орындалуы ескеріледі.

Осылайша, министрліктер мен әкімдіктердің жұмысын бағалауда даму жоспарларының орындалуы мен бюджет бағдарламаларының нақты нәтижелеріне басымдық берілмек.

Back to top button