
«Әділет» партиясы фракциясының депутаты Айнагүл Балташева педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен еңбекақысын есептеудің ел бойынша бірыңғай тәртібін белгілеуді ұсынды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға жолданған депутаттық сауалда аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесін құқықтық тұрғыдан бекіту мүмкіндігін қарастыру сұралған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жұмыс уақытын өңірлерде әртүрлі есептейді
Депутат келтірген мәліметке сәйкес, Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңға жуық бала тіркелген. Білім беру ұйымдарында 6,5 мың педагог-ассистент жұмыс істейді.
Бұл мамандар балалардың білім алуына, ортаға бейімделуіне, өзіне деген сенімі мен дербестік дағдыларын қалыптастыруына кәсіби қолдау көрсетеді. Алайда олардың жұмыс уақытын есептеудегі түсініксіздік еңбек жағдайына да, балаларға көрсетілетін көмектің сапасына да әсер етіп отыр.
«Алайда бүгінгі таңда педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен еңбекақысын нормативтік реттеу мәселесі толық шешімін таппай отыр. Қолданыстағы қағидаларда олардың лауазымдық міндеттері мен біліктілік санатына байланысты қосымша ақы қарастырылғанымен, апталық нормативтік оқу жүктемесі мен жұмыс уақытын есептеу тәртібін нақтылау қажеттілігі сақталуда. Бұған дейін педагог-ассистенттердің еңбекақысын есептеуде аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесі қолданылған. Қазіргі нормативтік реттеудегі айқындықтың жеткіліксіздігі өңірлерде жұмыс уақытын әркелкі есептеуге жол береді. Бұл мамандардың тұрақтылығына және ерекше балаларға көрсетілетін қолдаудың сапасына тікелей әсер етеді. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігіне келесі ұсыныстарды енгіземіз».
16 сағаттық оқу жүктемесін нақты бекіту ұсынылды
Балташева баланы тікелей сүйемелдеу уақытын маманның өзге кәсіби міндеттеріне жұмсайтын уақытынан ажыратып есептеу қажет деп санайды. Олардың қатарында сабаққа дайындалу, педагогтермен бірлесіп жұмыс істеу және құжаттама жүргізу бар.
Депутат министрлікке үш ұсыныс енгізіп, педагог-ассистенттердің еңбек құқығы ерекше баланың білім алу құқығымен тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Біріншіден, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның талаптарын ескере отырып, педагог-ассистенттердің аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесін және оны құқықтық тұрғыдан нақты бекіту мүмкіндігін қарастыруды, қаржылық негіздеме әзірлеуді ұсынамыз. Екіншіден, баланы тікелей сүйемелдеу уақыты мен сабаққа дайындалу, педагогтермен бірлесіп жұмыс істеу, құжаттама жүргізу сияқты өзге кәсіби міндеттерге жұмсалатын жұмыс уақытын нақты ажыратып, есепке алу тәртібін белгілеу қажет. Үшіншіден, педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен еңбекақысын есептеудің республика бойынша бірыңғай тәртібін қамтамасыз етуді ұсынамыз. Ерекше баланың өздігінен жасаған алғашқы қадамы, ойын еркін жеткізуі, сыныптастарымен бірге тапсырма орындауы – отбасы үшін үлкен қуаныш, ал қоғам үшін бұл инклюзивті білім берудің нәтижесі. Осындай әрбір жетістіктің артында педагог-ассистенттің күнделікті еңбегі тұр. Сондықтан педагог-ассистенттің еңбек құқығын қорғау – ерекше баланың сапалы білім алу құқығын қорғау».
Сауал соңында депутат көтерілген мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен жазбаша жауап беруді сұрады.