$ 450.69 € 505.04 ₽ 5.45
TOP-2ЖаңалықтарПікір

«Халық жәрдемақыдан, депутаттар пәтерден бас тарта ма»: Наурыз Сайлаубай жауап берді

Қазақстанда 2027 жылдан бастап бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау кезінде отбасының материалдық жағдайы ескерілмек. Осыған байланысты журналистер Құрылтай депутаты Наурыз Сайлаубайдан халыққа әлеуметтік төлемдер бойынша шектеулер енгізіліп жатқанда, депутаттардың өздеріне берілетін қызметтік пәтер мен көліктен бас тартуға дайын немесе дайын емес екенін сұрады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Депутат қызметтік баспана мен көлік туралы не айтты

Құрылтай кулуарында журналистер Наурыз Сайлаубайға депутаттардың қызметтік жеңілдіктеріне қатысты сұрақ қойды. Атап айтқанда, халыққа кейбір әлеуметтік төлемдерді шектеу ұсынылып жатқанда, парламентарийлердің қызметтік баспана мен көліктен бас тартуға қаншалықты дайын екені сұралды.

Депутат өзінің ешқандай жәрдемақы алмайтынын айтып, қызметтік баспананың не үшін берілетінін түсіндірді.

«Мен ешқандай жәрдемақы алмаймын. 145 депутаттың арасында бұрын басқа қалаларда тұрғандар бар. Олардың Астанада баспанасы болмауы мүмкін, сондықтан жұмысқа жақын болу үшін «Нұрсая» тұрғын үй кешенінен қызметтік пәтерлер беріледі. Ал көліктер тек бір жерден екінші жерге жету үшін пайдаланылады. Көлік күтіп тұрмайды. Шақырасыз, баратын жеріңізге жетесіз де, босатасыз. Меніңше, бұл жерде артық шығын жоқ», – деді Наурыз Сайлаубай.

Оның айтуынша, елордада жеке баспанасы болмағандықтан, қазіргі уақытта қызметтік пәтерде тұрады. Ал коммуналдық төлемдерді өз қаражаты есебінен төлейді.

«Үш бөлмелі пәтерде тұрдым»: депутат ай сайынғы шығынды атады

Наурыз Сайлаубай VIII шақырылым депутаты болған кезінде де қызметтік баспанамен қамтамасыз етілгенін айтты. Ол отбасымен бірге үш бөлмелі пәтерде тұрған.

«VIII шақырылымның депутаты болған кезімде маған да үш бөлмелі қызметтік пәтер берілді. Онда отбасыммен бірге тұрдым. Депутаттық өкілеттігім аяқталғаннан кейін пәтерді босаттым. Әр заттың жеке түгендеу нөмірі бар. Теледидар, төсек, шкаф болсын, бәрі есепке алынған. Егер бір зат бүлінсе, келтірілген шығынды өтеу керек, өйткені бұл – мемлекет мүлкі», – деді депутат.

Ол қызметтік баспананың коммуналдық шығындарына да тоқталды.

«Коммуналдық қызметтерді өзіміз төледік. Қыс мезгілінде үш бөлмелі пәтердің коммуналдық қызметтері, интернеті мен автотұрағына шамамен 45–60 мың теңге жұмсалатын», – деді Наурыз Сайлаубай.

2027 жылдан бастап кімдердің жәрдемақысы шектеледі

Айта кетейік, Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік бюджеттен төленетін жәрдемақының 14 түрін тағайындау кезінде отбасының мұқтаждық деңгейі ескеріледі.

Жаңа тәртіпке сәйкес, материалдық жағдайы жоғары деп бағаланған А және В санатындағы отбасыларға кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындауға шектеу қойылады.

Сонымен қатар, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін сақтандыру төлемдерін бюджеттен берілетін жәрдемақылардан ажырата білу қажет. Заңда көзделген талаптар сақталған жағдайда, жүктілік пен босануға байланысты сақтандыру төлемдері отбасының әл-ауқат санатына қарамастан сақталады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, өзгерістердің мақсаты – мемлекеттік көмекті бірінші кезекте оған мұқтаж азаматтарға бағыттау. Ал 36 бюджеттік жәрдемақының 22 түрі бұрынғы тәртіппен тағайындала береді.

 

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button