«Ақтөбе» клубы айыппұл салынған алты қыздың шығынын өтеп беретін болды
Клуб бұл туралы өздерінің Instagram желісіндегі ресми парақшасында жазды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Әр жанкүйердің орны бөлек»
Олар әлеуметтік желіде «Аруларымызды жалғыз қалдырмаймыз» деген жазба қалдырып, айыппұл арқалаған жанкүйерлерге қолдау танытты.
«Ақтөбе футбол клубы үшін әр жанкүйердің орны бөлек. Айыппұл алған алты аруымыздың шығынын клуб толықтай өтеп береді», – делінген клуб бөліскен мәліметте.
Тәртіп сақтауға уәде берді
Одан бөлек, клуб өкілдері жанкүйер қыздар жіберген ағатығын түсініп, алдағы уақытта тәртіп сақтауға уәде бергенін жеткізді.
«Қаракөздеріміз қателескен жерін толықтай түсінді. Алдағы уақытта да командаға қолдау көрсетіп, келесі жолы бәрі «ережеге сай» болады деп уәде берді. Жанкүйерлер – біздің мақтанышымыз!» – деп жазды клуб.
Жанкүйерлерге жасалған үндеу
Мұның алдында клуб ресми парақшасында алаңдағы өзара сыйластық пен спорттық әдеп мәселесі турасында мәлімдеме жариялаған.
«Біз – «Ақтөбе» футбол клубы қашан да футбол әлеміне үлкен құрметпен қарайтын, жанкүйерлері мен футболшылары әр ұлт пен нәсілге құрмет көрсете білетін, ауызбіршілігі мол ұжымбыз. Біздің команда – ұлтаралық достықтың айқын дәлелі», – делінген жазбада.
Клуб жекелеген жанкүйерлер көзқарасы команданың ресми ұстанымы саналмайтынын атап өткен.