Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Иордания королі II Абдалла бен әл-Хусейнді салтанатты түрде Ақордада қабылдап, шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Екі мемлекеттің арасы географиялық тұрғыдан алыс. Десе де, бір-біріне ұсынары бар, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ҚАЗАҚСТАН МЕН ИОРДАНИЯНЫ НЕ БАЙЛАНЫСТЫРАДЫ
Қазақстан мен Иорданияның экономикалық қарым-қатынасы жолға қойылған. Қазақпарат агенттігінің мәліметінше, агросалада ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Иорданияның Өнеркәсіп және сауда министрлігі арасында қазақстандық бидайды жеткізу бойынша жұмыс тобы құрылды. Негізгі жеткізуші ретінде «Продкорпорация» қарастырылып отыр. Сонымен қатар, иорданиялық Aljazeera Agricultural компаниясы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен Қазақстанда асыл тұқымды құс өсіру зауытын салу жобасы бойынша меморандумға қол қоюға дайындалуда.
Фармацевтика және медицина саласында иорданиялық Sana Pharma мен өзге де компаниялар қазақстандық нарыққа шығуға мүдделілік танытқан. Бұған қоса, Sana Farm мен қазақстандық Inkar Group арасында дәрі-дәрмектерді дистрибуциялау жөнінде келісімге қол қою көзделіп отыр.
Иорданиялық DadVet пен қазақстандық KazbioPharm ветеринариялық вакциналарды өндіру және экспорттау саласында әріптестікке келіскен. Цифрландыру және білім беру саласында Astana Hub пен King Hussein Business Park, сондай-ақ Astana IT University мен Hussein Technical University арасында меморандумдар жүзеге асырылуда. Иорданиялық алғашқы студенттер Астанада білім ала бастады. Сонымен қатар, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ (NIT) мен Иорданияның ICT Intaj қауымдастығы арасындағы әріптестік дамып келеді.
Энергетика саласында ҚР Энергетика министрлігі мен Иордания Атом энергетикасы жөніндегі комиссиясы бейбіт атом энергетикасын пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойған. Құрылыс және инвестиция саласында қазақстандық BI Construction Group иорданиялық Amman Vision Investment & Development (AVID) және Jordan Security Investment Fund қорымен келісімдерге қол қоюға дайындалып жатыр. Жобалар инфрақұрылымды және қалалық ортаны дамытуға бағытталады.
Қазақстан мен Иордания арасындағы тікелей әуе рейстерін ашу мәселесі де басымдыққа ие. ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, құқықтық база дайын. Амман – Астана бағыты бойынша тікелей рейстерді 2026 жылғы маусымда аптасына екі рет ашу жоспарланған.
САЛТАНАТТЫ ҚАРСЫ АЛУ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Ақорда резиденциясында елімізге ресми сапармен келген Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнді қарсы алды. Оның алдында бір күн бұрын Тоқаевтың өзі Иордания басшысын әуежайдан күтіп алған еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен II Абдалла бен әл-Хусейн келіссөзді екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен жалғастырды. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Иорданиямен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін жеткізді. Президентітң сөзінше, екіжақты қарым-қатынасты дамытуға деген шынайы ниет жоғары бағаланады.
“Сіздің салиқалы әрі сарабдал көшбасшылығыңызды, сондай-ақ аймақтағы және әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ерекше рөліңізді атап өткім келеді. Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында Иордания Таяу Шығыстағы тұрақтылық мекеніне айналды. Диалог пен ықпалдастықты басты бағдар ретінде ұстануыңыздың нәтижесінде Корольдіктің халықаралық аренадағы абырой-беделі артты. Биыл ақпан айында Қазақстан Президенті ретінде Иордания Хашимит Корольдігіне жасаған бірінші ресми сапарымды ерекше ықыласпен еске аламын. Бүгінгі сапар екіжақты қатынастарға тың серпін беріп, ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенімдімін, – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Иорданияны саяси және экономикалық тұрғыдағы ортақ мүдде ғана емес, дін, толеранттылық дәстүрі және өзара құрмет секілді ғасырлар бойғы құндылықтар біріктіреді. Екі ел әлемге сан алуан мәдениет пен конфессиядағы халықтардың тату-тәтті өмір сүріп, адамзат дамуына үлес қоса алатынын көрсетті.
Король ІІ Абдалла қос мемлекеттің достығын жоғары бағалайтынын атап өтті.

“Бүгінгі сапар түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға және екіжақты байланыстарды тереңдетуге тараптардың мүдделі екенін растайды. Бұған дейінгі келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар маңызды келісім мен меморандумға қол қойылды. Бүгінгі уағдаластықтар, сондай-ақ оны табысты іске асыру елдеріміздің арасындағы серіктестікті кеңейтуге берік негіз қалайтынына сенімдімін, – деді Иордания королі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Аммандағы кездесу барысында тараптар тауар айналымын 500 миллион долларға дейін ұлғайтуға уағдаласқанын еске салды. Қазақстан Иордания нарығына жалпы құны 250 миллион доллар болатын 60 өнім түрін экспорттауға дайын.
Президент «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы мен Иордания уран өндіруші компаниясының (JUMCO) атом өнеркәсібін дамыту саласындағы ынтымақтастығына қолдау білдірді. Президент Иордания делегациясына еліміздің халықаралық көлік-логистика желісін кеңейту бастамалары туралы мәлімет беріп, Орталық Азия мен Таяу Шығыс арасында интермодальді жүк тасымалын бірлесе өркендету мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы, туризм, цифрландыру салаларындағы ықпалдастықтың әлеуеті зор. Өз кезегінде Иордания тарапы медицина, фармацевтика, халал индустриясы және қорғаныс өнеркәсібі бағытындағы тәжірибесімен бөлісуге ниетті.
Сонымен қатар Royal Jordanian әуе компаниясы келесі жылы Амман мен Алматы арасында тікелей әуе рейсін ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұл қадам екі елдің азаматтары мен іскерлік ортасының байланыстарын жандандырады. Бұдан бөлек, тараптар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге, соның ішінде бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізіп, университеттер арасында серіктестік орнатуға қызығушылық танытқан.
“ДРОНЫНА ҚЫЗЫҒАМЫЗ”
Қазақстанның цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің сөзінше, иорданиялық әріптестермен цифрлық даму, ақпараттық жүйелерді құру, eGov экожүйесімен бөлісу бойынша бірнеше әлеуетті жоба бар.
“Бұл елде дрон саласы жақсы дамыған. Осыдан бірнеше ай бұрын Иорданияға барып келдім. Олардың дрон саласын зерттедік. Дрон дизайнын, дрондарды құрастыру зауытын, ақпараттық жүйелерін, қосымшаларын көрдік. Олар осы тәжірибелерімен бөлісуге дайын, – деді министр.
Оның атап өтуінше, Иордания азаматтық та, әскери дрондар да шығарады. Дронға қарсы жүйесі де бар.
“Қазір біз дрондарды бірлесіп өндіру жайында уағдаластық деп отырғанымыз жоқ. Дегенмен, Қазақстан бұл тәжірибені жан-жақты зерделеп жатыр. Таяу болашақта Қазақстанда дрон индустриясы жақсы дамитындығын жоққа шығармаймын”, – деді Жаслан Мәдиев.
БІРЛЕСКЕН КӘСІПОРЫН
Ал «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, Қазақстан мен Иордания уран саласында бірлескен кәсіпорын құрады. Оның сөзінше, келісімге сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін құрылатын «Қазатомөнеркәсіп» пен JUMCO бірлескен кәсіпорында «Қазатомөнеркәсіп» үлесі — 70, ал JUMCO үлесі 30 пайыз болады. Бірлескен кәсіпорын Иорданияның уран саласымен айналысады.