«Диванға отыр» деп айтпаңдар: продюсер Назарбаев қатысқан эфир туралы айтты
Медиапродюсер, сценарист әрі комик Нұрмахан Мұқанұлы DOPE SOZ подкастында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Түнгі студия» бағдарламасына қонақ болып келген кезін еске алды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оның айтуынша, сол кездегі телеарна басшылығы жүргізушілерге бірқатар шектеу қойып, еркін сұхбат жүргізуге мүмкіндік бермеген.
«Тіпті қол алысып амандасуға рұқсат бермеді»
Нұрмахан Мұқанұлы подкаст барысында отандық телевидениенің қазіргі жағдайы, дәстүрлі телеарналардың YouTube пен жаңа медиаға не себепті жол беріп жатқаны, сондай-ақ «Қалаулым» жобасының феномені туралы пікір білдірді.
Әңгіме барысында ол Нұрсұлтан Назарбаевтың «Түнгі студияға» қонақ болып келген кезіндегі жағдайға да тоқталды. Оның айтуынша, бұрынғы президенттің бағдарламаға қатысуы ерекше оқиға болғанымен, шығармашылық топқа өз идеяларын толық жүзеге асыруға мүмкіндік берілмеген.
«Бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламаға қонақ болып баруы бір рет қана болған, ол – «Түнгі студия» бағдарламасы. Оның өзін дұрыстап ұйымдастыруға болар еді, бірақ бізді жолатқан жоқ. «Сендер тіпті «Диванға отыр» деп айтпаңдар» деді», – деп еске алды Нұрмахан Мұқанұлы.
Ол сол сәтте телеарна басшылығының ұстанымын көріп, отандық телевидениенің даму мүмкіндігіне күмәнданғанын жеткізді.
«Сол жерде телеарна басшыларының қандай күйде екенін көріп, телевидениенің дамымайтынын түсіндім. Екі жас жүргізуші қол алысып амандасуға бола ма? Жоқ! «Егер сендерге қарап сөйлемесе – сөйлемеңдер. Сұрақ қойма» дейді. Ол жерде сенің қолың байлаулы», – деді ол.
Назарбаевқа қандай сұрақтар қойылмай қалды
Нұрмахан Мұқанұлының сөзінше, бағдарлама барысында әңгіме өрбігенімен, шығармашылық топтың бұрынғы президентті көрерменге басқа қырынан танытуға қатысты идеялары жүзеге аспаған. Ол сұхбатты ресми форматтан шығарып, Назарбаевтың күнделікті өмірі мен жеке қызығушылықтарын ашатын жеңіл сұрақтар қоюға болатынын айтты.
«Әйтеуір ана жерде әңгіме өрбіп кетті. Істеуге болатын басқа да нұсқалар бар еді. Мысалы, оны мемлекет басшысы ғана емес, адами қырынан көрсетуге болатын викториналық сұрақтар бар еді. Мысалы, «Түнде қарныңыз аша ма? Демалып жатып футбол көресіз бе?» дегендей, бірақ ол сұрақтардың бірін де қойдырмады», – деді Нұрмахан Мұқанұлы.
Оның пікірінше, мұндай сұрақтар көрерменге бұрынғы президенттің ресми қызметінен бөлек, адами болмысын танытуға мүмкіндік берер еді.