$ 452.59 € 507.67 ₽ 5.48
Жаңалықтар

Қырғызстан инфляцияны 7 пайыздан асырмауды көздеп отыр

Ел билігі 2027 жылдың соңына дейін Орталық Азиядағы инфляция деңгейі ең төмен елге айналуға ниетті. Осы мақсатта баға өсімін тежеуге арналған екі жылдық бағдарлама жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қаңтарда іске қосылатын бағдарлама

Бұл туралы ел президентінің баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов мәлімдеді. Оның айтуынша, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап елде баға өсімін тежеуге бағытталған мемлекеттік бағдарлама іске қосылады.

«Құдай қаласа, бұдан мол үмітіміз бар. 2027 жылды Орталық Азия елдері арасындағы инфляцияның ең төмен көрсеткішімен аяқтаймыз», – деп жазды Асхат Алагөзов Facebook парақшасында.

Бұған дейін Қырғызстан билігі 2026-2027 жылдарға арналған бағаны тұрақтандыру және инфляцияны тежеу жоспарын жүзеге асыруға 36,635 млрд сом бөлуді жоспарлап отырғаны хабарланған. Бұл 189 млрд теңгеден астам қаржыға тең.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – инфляция деңгейін 7 пайыз шамасында ұстап тұру.

Қазір инфляция 8,1 пайызға жеткен

Қырғызстанның Ұлттық статистика комитеті ұсынған соңғы мәліметтерге сенсек, елдегі инфляция деңгейі 8,1 пайызды құрайды.

Демек, билік алға қойған мақсатқа жету үшін баға өсімін тежеуі керек. Бұл ретте мемлекеттік бағдарламаның нәтижесі мен инфляцияның нақты динамикасы маңызды болмақ.

ХВҚ болжамы басқаша

Қырғызстан билігінің жоспарына қарамастан, Халықаралық валюта қоры өзінше болжам жасап отыр.

Қор бағалауынша, 2027 жылы Қырғызстан Орталық Азия елдері арасында тұтыну бағасының өсу қарқыны ең жоғары мемлекетке айналуы мүмкін.

 

Back to top button