Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескен сәтінің видеосын жариялады. Әңгіме барысында ол Иранға қарсы «басталған істі» Вашингтонмен бірге соңына жеткізу қажет екенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz CBS News-ке сілтеме жасап.
«Бұл істі бірге соңына жеткіземіз»
Телефон әңгімесінде екі ел басшысы бір-біріне қолдау білдірген. Трамп Нетаньяхудың алдағы сайлауда айқын жеңіске жететініне сенім білдіріп, оны жанынан көргісі келетінін айтқан. Израиль премьері өз кезегінде АҚШ президентіне ақпан айының соңында Иранға қарсы жүргізілген әскери операцияға қатысқаны үшін алғыс білдірген.
«Дональд, біз бастаған істі аяқтауымыз керек», – деген Нетаньяху жымиып.
Ол бұл істі АҚШ-пен бірге соңына жеткізетінін айтып, «мұны бізден басқа ешкім істемейді» деп қосты.
Нетаньяху нақты қандай әрекетті меңзегенін түсіндірмеді. Алайда Иранды тағы да «ең үлкен қауіп» деп атады. CBS News екі басшының сөзін Иранға қарсы бірлескен шабуылдардың қайталануы мүмкін екенін аңғартатын мәлімдеме ретінде сипаттады. Дегенмен әңгімеде жаңа соққының мерзімі немесе нақты жоспары жарияланған жоқ.
Сайлау алдындағы саяси қолдау
Телеарна мәліметінше, Нетаньяху видеоны Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде оның қайта сайлануын қолдағаннан кейінгі күні жариялаған. Израильдегі парламент сайлауы 27 қазанға белгіленген. Бұл – 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС Израильге шабуыл жасағаннан кейін өтетін алғашқы жалпыұлттық сайлау.
Сол шабуылдан кейін Газа секторында соғыс басталып, өңірдегі шиеленіс күшейді. Енді Нетаньяху сайлау қарсаңында АҚШ президентінің қолдауын көрсетіп, Иранға қатысты қатаң ұстанымын тағы да алға шығарды. Израильдегі бұған дейінгі парламент сайлауы 2022 жылғы қарашада өткен.