$ 452.59 € 507.67 ₽ 5.48
Жаңалықтар

«Орыс тілі Өзбекстанда мемлекеттік емес еді ғой»: Рубионың сөзі қызу талқыға түсті

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Самарқанда журналистермен әңгімелескен кезінде тілшілердің бірінен “өзбек тілін білесіз бе?” сұрады. Журналист өзбек тілінен гөрі орысша еркін сөйлейтінін айтқанда, америкалық дипломат бұл тілдің Өзбекстанда ресми мәртебесі жоқ екенін еске салған. Осы оқиға желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Өзбекше сөйлейсіз бе?»

Осы оқиғаның видеосы uz24ru инстаграм-парақшасында жарияланды. Әңгіме 19 қазанда Самарқанның Регистан алаңында өткен баспасөзге арналған кездесу кезінде болды. Рубио сұрақ қоймақ болған журналистен жергілікті тілді, нақтырақ айтқанда, өзбек тілін қаншалықты білетінін сұраған. Тілші алдымен орысша жауап беріп, кейін орыс тілінде еркін сөйлейтінін ағылшынша жеткізген.

«Бұл (орыс тілі) қазір мұнда ресми тіл емес. Бірақ жақсы, көп адам бұл тілде сөйлесе – онда түсінікті», – деген Рубио.

Журналист өзбек тілін меңгеру деңгейі туралы айта бастағанда, мемлекеттік хатшы «келесі жолы» деп, оның сұрағын тыңдауға көшкен.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от UZ24 (@uz24ru)

Рубио Өзбекстанға не үшін келді

Марко Рубио Самарқанға 18 қазан кешінде келді. Сапардың негізгі мақсаты – АҚШ пен Орталық Азияның бес елін біріктіретін C5+1 форматындағы министрлер кездесуіне және Америка–Өзбекстан іскерлік және инвестициялық кеңесінің екінші отырысына қатысу. Бұл форматқа Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан кіреді. Сапардың экономикалық бөлігіне де басымдық берілген. Рубионың айтуынша, Самарқандқа 300-ге жуық америкалық бизнес өкілі жиналған. Тараптар сауда мен инвестицияны кеңейту, жаңа коммерциялық келісімдер және маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылаған.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Вашингтонның өңір елдерімен ұзақ мерзімді экономикалық байланыс орнатуға мүдделі екенін жеткізді. Оның бағдарламасына Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен және сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовпен кездесулер де енгізілген.

Лавровтың Самарқандағы оқиғасы

Самарқандағы тіл туралы бұл әңгіме Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың бұрынғы сапарын еске түсіреді. 2025 жылы 23 сәуірде Лавров қаладағы «Қайғылы ана» мемориалына гүл қойып, ондағы жазуларға назар аударған. Ескерткіштегі мәтін өзбек және ағылшын тілдерінде берілген еді.

Фото: Газета.уз

«Ағылшынша жазу бар екен, орысшасын көріп тұрған жоқпын. Ана – ең қасиетті ұғым», – деген Ресей министрі экскурсия жүргізушісіне. Сол сәтте оның жанында Өзбекстан сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов та болған.

Лавров Өзбекстанға екі күндік ресми сапармен келген. Сапар бағдарламасында екіжақты қатынастарды, еуразиялық интеграцияны және Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына дайындықты талқылау көзделген. Ресей министрінің ескертпесі Өзбекстанда қоғамдық талқылауға ұласты. Журналистер, қоғам өкілдері мен депутаттар тәуелсіз мемлекеттің тіл саясатына сырттан талап қоюға болмайтынын айтты. Өзбекстанның Журналистика және бұқаралық коммуникациялар университетінің ректоры Шерзодхон Құдратқожа әр ел тарихи нысандар мен ескерткіштердегі жазулардың тілін өзі анықтайтынын мәлімдеді.

«Басқа елдің сыртқы істер министрінің шетелден келіп, бізді сынауы дұрыс емес. Біз олардың отары емеспіз!» – деді ол.

Заңгер әрі блогер Хушнудбек Худойбердиев Лавровтың әрекетін дипломатиялық әдепке қайшы деп бағалады. Ал «Миллий тикланиш» партиясының жетекшісі, депутат Алишер Қодиров тілге құрметті қысыммен қалыптастыру әрекеті кері нәтиже беретінін ескертті. Осылайша, мемориалдағы жазуға қатысты бір ауыз сөз Өзбекстанда мемлекеттік тіл, ұлттық болмыс және егемендік туралы кеңірек пікірталасқа себеп болған еді.

Back to top button