Оңтүстік Кореяда үш ай іздеуде болған Қазақстан азаматы қамауға алынды

Оңтүстік Кореяда автокөлікті қуып, жолын бөгеп, ішіндегі адамдарға қоқан-лоқы көрсетті деген күдікпен Қазақстанның 21 жастағы азаматы қамауға алынды. Шілденің соңында болған оқиғаға қатысы бар күдіктіні полиция қазан айында ұстаған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Кореялық Yonhap, YTN және News1 ақпарат агенттіктерінің мәліметінше, оқиға 29 шілде күні жергілікті уақытпен сағат 23:40 шамасында Кёнгидо провинциясындағы Ичхон қаласының Маджан ауданында болған. Тергеу дерегінше, 21 жастағы қазақстандық пен оның 25 жастағы отандасы жеңіл көлікті қуып жетіп, жолын бөгеген. Көлікте жасы отыздардағы жүргізуші мен жолаушы отырған. Екі жігіт оларға қоқан-лоқы көрсетіп, көліктің алдыңғы бөлігін аяқпен тепкен деген күдікке ілінді.
Болған жайт көліктің бейнетіркегішіне түсіп қалған. Кейін бұл бейнежазба интернетте тарап, оқиға қоғам назарын аударған. Полициядағы жауап алу кезінде 21 жастағы күдікті көлікті сату жөніндегі келісімнің іске аспай қалғанын айтқан. Оның түсіндіруінше, кері қайтып бара жатқанда жәбірленушінің көлігін әлгі сатып алушының машинасымен шатастырып, соңынан қуған. Бұл – күдіктінің тергеуде айтқан уәжі.
18 қазанда Сувон аудандық сотының Ёджу бөлімшесі оның қашып кету қаупі бар деп танып, қамауға алуға санкция берген. Қазақстандыққа қоқан-лоқы көрсету және бөтеннің мүлкін бүлдіру күдігі тағылып отыр.
Күдіктіні әлеуметтік желі арқылы тапқан
Кореялық БАҚ мәліметінше, полиция бастапқыда күдіктілердің кім екенін анықтай алмаған. Қыркүйектің ортасында іс ашылмаған істер санатына енгізілген. Алайда алғашқы тергеуге қатысты сын күшейгеннен кейін, 21 қыркүйекте полиция істі қайта тергеуге кіріскен. Тергеушілер бейнетіркегіш жазбасын мұқият зерттеп, күдіктілер мінген көліктің мемлекеттік нөміріндегі кейбір сандарды қалпына келтірген. Оларды көліктің маркасымен салыстыру арқылы іздеген машинаны анықтаған. Одан кейін шетелдіктер көлік саудасына пайдаланатын әлеуметтік желідегі аккаунттарды тексеріп, күдіктінің жеке басын анықтаған.
21 жастағы қазақстандық 16 қазанда Ансон қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде ұсталған. Ал оқиғаға қатысы бар деген екінші күдікті – Қазақстанның 25 жастағы азаматы елде заңсыз жүргені анықталып, бұған дейін Оңтүстік Кореядан депортацияланған.
Полиция оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеуді жалғастырып жатыр.