Құрылтайға жаңа депутат келеді

«Әділет» партиясы Татьяна Савельевадан босаған Құрылтай депутатының мандатын Гүлнар Тойлыбаеваға беруді ұсынды. Тиісті құжаттар Орталық сайлау комиссиясына жолданды, түпкілікті шешім әзірге жарияланған жоқ, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Партия кімнің кандидатурасын ұсынды
Гүлнар Тойлыбаева қазір Жетісу облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарады. Бұған дейін облыстық мәслихаттың хатшысы және төрағасы болған.
«Әділет» партиясы бос қалған депутаттық мандатты Тойлыбаеваға беру туралы шешім қабылдап, құжаттарды Орталық сайлау комиссиясына жіберді.
Савельеваның өкілеттігі неге тоқтатылды
Татьяна Савельева Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалуына байланысты оның депутаттық өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған.
Осыдан кейін партия босаған орынға Гүлнар Тойлыбаеваның кандидатурасын ұсынды. Мандатты беру жөніндегі Орталық сайлау комиссиясының түпкілікті шешімі әзірге жарияланған жоқ.
Мұғалімдіктен мәслихат басшылығына дейін
Гүлнар Тойлыбаева еңбек жолын 1989 жылы М. Киров атындағы орта мектепте физика және математика пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1991–1998 жылдары Ш. Уәлиханов атындағы орта мектепте математикадан сабақ беріп, кейін осы аттас мектеп-гимназияда 2002 жылға дейін информатика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген.
2002 жылы мемлекеттік қызметке ауысып, Ескелді ауданы әкімі аппаратының мәдениет бөлімінде бас маманның міндетін атқарған. Кейін ауданның мәдениет, мәдениет және спорт, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінде бас маман болған. 2005–2007 жылдары Ескелді аудандық ішкі саясат бөлімінде қызмет атқарған.
2007 жылдан бастап қызметін партиялық жұмыспен жалғастырған. «Нұр Отан» партиясының Алматы облыстық филиалында идеологиялық, ұйымдастыру-партиялық жұмыс және ұйымдастыру-бақылау бөлімдерін басқарған. 2016 жылы облыстық филиал төрағасының орынбасары, 2021 жылы бірінші орынбасары болған. 2022 жылғы наурыз–маусым аралығында «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы қызметін атқарған. 2022 жылғы маусымда Жетісу облыстық мәслихатының хатшысы болып тағайындалған. Ал 2023 жылғы 30 наурыздан бастап облыстық мәслихат төрағасы қызметін атқарған.