Ақтауда жол талғамайтын көлік түгі қалмай өртеніп кетті
Оқиға кезінде ешкім зардап шеккен жоқ
13-шағынаудандағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында Mitsubishi Pajero автокөлігі толығымен өртеніп кетті. Көліктің ішінде 90 литрлік газ баллоны болған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Өрт 18 минутта сөндірілді
Өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 18 қазан күні кешкі уақытта болған. Өрт туралы хабарлама құтқарушыларға сағат 19:42-де түскен.
Оқиға орнына сегіз қызметкер мен екі арнайы техника жіберілген. Құтқарушылар жеткенде Mitsubishi Pajero автокөлігін жалын толық шарпыған. Өрт сағат 20:00-де сөндірілді. Абырой болғанда, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Өртенген көліктің ішінде 90 литрлік газ баллоны болған
Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өртенген автокөліктің ішінде сыйымдылығы 90 литр болатын газ баллоны болған.
Бұл жайт оқиға бейнежазбасын көрген желі қолданушыларын алаңдатты. Олар газ баллоны бар көліктегі өртті сөндірген құтқарушылардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, мамандарға алғыс айтты.