Келер жылы мүгедектігі бар тұрғындар қанша жәрдемақы алады
Осы жылы Қазақстанда ең төмен күнкөріс деңгейін 50 851 теңгеден 55 173 теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әлеуметтік төлемдер үшін бөлек есептік көрсеткіш бар
2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында базалық әлеуметтік төлемдерді есептеуге арналған жалпы ең төмен күнкөріс деңгейі 55 173 теңге болып белгіленбек. Бұл осы жылғы 50 851 теңгеден 4 322 теңгеге немесе шамамен 8,5%-ға жоғары.
Бірақ бюджет жобасында жекелеген әлеуметтік төлемдер үшін бөлек есептік көрсеткіш қарастырылған. Құжатта Әлеуметтік кодекстің 10-бабы 1-тармағының 5), 6-1) және 8) тармақшаларында көрсетілген азаматтарға жәрдемақы есептеу үшін ең төмен күнкөріс деңгейін 50 851 теңге деңгейінде қалдыру ұсынылған.
Жәрдемақы қанша болуы мүмкін
Әлеуметтік кодекстің 10-бабындағы бұл санаттарға мүгедектігі бар адамдар, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар және асыраушысынан айырылған адамдар кіреді.
Қазір жалпы аурудан, өндірістік жарақаттан немесе кәсіптік аурудан мүгедектігі белгіленген азаматтарға төлем ЕТКД-ға байланысты есептеледі.
- I топқа – 2,20 ЕТКД,
- II топқа – 1,76 ЕТКД,
- III топқа – 1,20 ЕТКД беріледі.
Мұндай коэффициенттер Әлеуметтік кодекстің 177-бабында белгіленген.
Биыл есептік ЕТКД 50 851 теңге болғандықтан, I топтағы азамат 111 873 теңге, II топ – 89 498 теңге, III топ – 61 022 теңге алады.
Айына берілетін жәрдемақы қанша
Дегенмен бюджет жобасындағы арнайы норма қабылданса, есептік база 50 851 теңгеде қалады. Демек, коэффициенттер өзгермесе I, II және III топтағы мүгедектігі бар азаматтардың негізгі мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақысы 2026 жылғы деңгейде сақталуы мүмкін.
Айталық, I топтағы азамат жаңа ЕТКД қолданылса айына мөлшермен 9,5 мың теңгеге көбірек алатын еді. II топ бойынша айырма шамамен 7,6 мың теңге, III топ бойынша 5,2 мың теңгені құрайды.
Мұндай тәсілдің артықшылығы неде
Экономикалық жағынан алып қарағанда осы секілді тәсіл әлеуметтік шығыстардың автоматты түрде өсуін шектеуге мүмкіндік береді. Себебі мүгедектік пен асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақылар ЕТКД-ға тікелей байланған. Бұл жерде есептік көрсеткіш өскен сайын мемлекет төлеуге тиіс сома да автоматты түрде көбейеді.
Алдағы жылы жалпы ЕТКД-ны 8,5%-ға көтеріп, бірақ осы санаттар үшін есептік базаны бұрынғы деңгейде қалдыру әлеуметтік бюджетке түсетін қосымша жүктемені тежеуі мүмкін.