Жалған медициналық анықтамалар: Алматыдағы емхана тексеріліп жатыр
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Алматы қаласындағы «Аяжан» жеке клиникасына жоспардан тыс тексеру жүргізуге бастамашылық етті. Бұған әлеуметтік желілерде медициналық анықтамалар мен жеке медициналық кітапшалардың жалған түрде берілуі мүмкін екені туралы жарияланған ақпарат себеп болды. Ведомство мұндай құжаттарды қолдан жасау және пайдалану үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мамандар әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты тексереді. Егер айтылған деректер расталса, уәкілетті органдар өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдайды. Ал заңбұзушылықтардың бар-жоғына қатысты түпкілікті қорытынды тек тексеру нәтижесінде жасалады.
Жалған медициналық анықтамалар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық анықтамалар, жеке медициналық кітапшалар мен еңбекке уақытша жарамсыздық парақтары тек заңды негізде және қажетті медициналық тексерулер мен зерттеулерден өткеннен кейін ғана рәсімделуі тиіс екенін еске салды.
Қылмыстық кодекстің 385-бабына сәйкес, ресми құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу, сондай-ақ жалған екенін біле тұра қолдан жасалған құжаттарды пайдалану үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Бұл ретте жауапкершілік мұндай құжаттарды заңсыз рәсімдеген адамдарға ғана емес, жалған медициналық анықтамалар мен еңбекке жарамсыздық парақтарын саналы түрде сатып алған немесе пайдаланған азаматтарға да жүктелуі мүмкін.
Ведомство қазақстандықтарды қажетті медициналық тексерулерден өтпей анықтама немесе еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеу туралы ұсыныстарға келіспеуге, медициналық ұйымдардың қызметінің заңдылығын тексеруге және анықталған заңбұзушылықтар туралы құзыретті органдарға хабарлауға шақырды.
Қазақстанда 13,7 миллионнан астам электрондық медициналық құжат берілді
Ықтимал заңбұзушылықтар туралы ақпаратқа байланысты Денсаулық сақтау министрлігі медициналық құжаттарды рәсімдеу ашықтығын арттыруға бағытталған цифрлық құралдардың енгізіліп жатқанын да мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы 13,7 миллионнан астам электрондық медициналық құжат қалыптастырылған.
Атап айтқанда, қазақстандықтарға:
- 8 095 396 медициналық анықтама мен еңбекке уақытша жарамсыздық парағы;
- 5 698 396 диспансерлік есепке қатысты, оның ішінде психиатрия, наркология және фтизиатрия бағыттары бойынша анықтама берілген.
Электрондық құжаттар медициналық тексеруден өту, еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеу, дәрігерлік комиссиялардың қорытындысын алу, мүгедектікті белгілеу, санаторийлік-курорттық емделуге жолдама алу және жұмысқа орналасу кезінде қолданылады.
Сондай-ақ олар балаларға арналған медициналық құжаттарды рәсімдеу және мемлекеттік органдарға қажетті мәліметтерді ұсыну үшін пайдаланылады.
Жұмыс берушілер еңбекке жарамсыздық парағы туралы мәліметті HR Enbek арқылы ала алады
Денсаулық сақтау министрлігі еңбекке жарамсыздық парақтарын рәсімдеу және жолдау тәртібіндегі өзгерістер туралы да хабарлады.
Енді электрондық еңбекке жарамсыздық парағы медициналық ұйым қызметкері медициналық ақпараттық жүйеде (МАЖ) электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойғаннан кейін ғана жолданады. Бұл тетік құжаттың заңдылығын растауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар қызметкердің келісімімен еңбекке жарамсыздық парағының ашылғаны және ұзартылғаны туралы мәліметтер жұмыс берушіге hr.enbek.kz порталы арқылы жіберіледі. Ал қызметкердің өзі электрондық еңбекке жарамсыздық парағын Enbek HR мобильді қосымшасы арқылы көре алады.
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық құжаттарды цифрландыру деректерді қолмен енгізу көлемін қысқартуға, құжаттарды рәсімдеу ашықтығын арттыруға және медициналық анықтамалар мен еңбекке жарамсыздық парақтарының заңды түрде берілуіне бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді деп есептейді.