$ 452.59 € 507.67 ₽ 5.48
Жаңалықтар

Navai ісі: Ресей Қазақстанға неге нота жолдады

Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова рэпер Наваи Бакиров (Navai) ұсталған соң Қазақстанға неге нота жолданғанын түсіндірді. Оның айтуынша, дипломаттар шетелде қиын жағдайға тап болған азаматтарының құқығын қорғауға міндетті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Нота емес, құрмет білдіру керек»

Бұған дейін ресейлік актриса Яна Поплавская Алматыдағы Ресей бас консулдығының әрекетін сынға алған. Ол есірткіге қатысты іс бойынша екі айға қамауға алынған музыкант үшін Қазақстанға нота жолдауды құптамаған. Поплавская Navai-дың көктемде Мәскеудегі Садовое кольцода қымбат автокөлікпен жол апатына ұшырағанын еске салған. Оның пікірінше, Қазақстанның құқық қорғау органдарына нота жолдаудың орнына, есірткі қылмысына қарсы күресі үшін құрмет білдіру керек.

Актрисаның жазбасына Мария Захарова Telegram-арнасында жауап берді. Ол бас консулдық Қазақстан билігінен Ресей азаматының ұсталуына қатысты ақпарат сұратқанын түсіндірді.

Захарова Поплавскаямен жеке таныс екенін айта отырып, мұндай жағдайда ресейлік дипломаттардың қандай міндет атқаратынын түсіндіруді жөн көрген.

Захарова нотаны қалыпты рәсім деп атады

Ресей СІМ өкілі ел Конституциясында азаматтарды шетелде қорғау мен оларға қамқорлық көрсету кепілдіктері қарастырылғанын алға тартты. Оның түсіндіруінше, консулдық қызметкерлер шетелде қиын жағдайға тап болған азаматтарға қатысты барлық жағдайда әрекет етуге міндетті. Захарова Қазақстанға нота жолдауды қалыпты консулдық рәсім деп атады. Ол мұны дипломаттар жұмыс істейтін мемлекеттің билігімен ресми хат алмасудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде түсіндірді.

Еске салайық, Tizgin.kz бұған дейін Navai-дың 13 қазанда «Қордай» бақылау-өткізу пунктінде ұсталғанын хабарлаған еді. Полиция мен ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлері рэпер келген автокөлікті тексеру кезінде есірткі затын тауып, тәркілеген. Ресми хабарламада оның түрі мен мөлшері нақтыланбаған. Есірткі контрабандасына оқталу күдігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, әнші уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Кейін Navai лақап атымен танымал Наваи Бакировты екі айға қамауға алуға санкция берілгені белгілі болды.

Осыдан кейін Ресейдің Алматыдағы бас консулдығы Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне нота жолдаған. Қазақстан СІМ Ресей тарапы ұсталған азаматтары мен олардың қайда отырғаны туралы ақпарат сұратқанын растап, мұның консулдық жұмыстағы қалыпты тәжірибе екенін түсіндірген.

Back to top button