30 жыл бұрын зорланғанын айтқан Наташа АҚШ-тағы қызына барып, ДНК тапсырмақ
Наташа Қалымбетова Батыс Қазақстанда осыдан 30 жыл бұрын зорланғанын айтып, бұл күнде соттасып жүр. Ол бұған дейін 17 жасында 4 ауылдасы тарапынан зорланғанын айтқан. Енді осы оқиғаны дәлелдеу үшін Наташа Қалымбетова Америкаға аттанбақ , деп хабарлайды Tizgin.kz.
Наташа Қалымбетова бүгін әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, Америкадағы қызы күтпеген жерден уатсап арқылы байланысқа шығып, өзі жайлы бүкіл ақпаратты сұратқанын айтты.
“Ол (қызы) енді маған Америкаға өзің келесің деді. Ол мені күтіп алатынын, содан кейін екеуіміз АҚШ-та ДНК тапсыратынымызды айтты. Айтайын дегенім: мен енді ешкімді аямаймын. Жас кезімде таяқ жеп, тоқсаныншы жылдары көз жасымды төккенімді, әкем мен шешемнің, ағаларымның менен бас тартқанын, мені кінәлі қылып қойғандарын кешірмей, істің түбіне жетемін”, – деді ол.
Қалымбетованың оқиғасы
Наташа Қалымбетованың 30 жыл бұрын болған қылмыс туралы әлеуметтік желідегі мәлімдемесінен кейін сотқа дейінгі тергеу басталған еді. Видео авторының айтуынша, оқиға осыдан 30 жыл бұрын, ол кәмелетке толмаған кезде және өңірдегі елді мекендердің бірінде тұрғанда болған. Әйел бірнеше ер адамның зорлық-зомбылық көрсеткенін мәлім еткен. Ол бейнежазбада ұзақ уақыт бойы құқық қорғау органдарына жүгінбегенін және елден кетіп қалғанын айтқан еді. Кейін шетелге көшіп кеткен.
Оның сөзінше, жарияланымнан кейін полиция өкілдері онымен байланысқа шыққан. Әйел Қазақстанға келіп, кінәлілерді жауапқа тартуды көздеп отыр.