$ 452.59 € 507.67 ₽ 5.48
TOP-1Жаңалықтар

eGov Mobile-де отбасының әл-ауқатын бағалайтын калькулятор пайда болды

eGov Mobile қосымшасында отбасының әл-ауқат деңгейін бағалауға арналған калькулятор іске қосылды. Жаңа сервис азаматтарға бағалау өлшемдерімен танысып, өздері енгізген мәліметтер негізінде алдын ала есеп алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Отбасының әл-ауқаты қалай бағаланады

Калькулятор 2027 жылғы 1 қаңтардан басталатын мемлекеттік қолдаудың жекелеген шараларын атаулы түрде ұсынуға көшу аясында іске қосылған.

Бағалау әдістемесінде отбасының табысы мен мүлкі ғана емес, әлеуметтік жағдайы да ескеріледі. Атап айтқанда, отбасы құрамы, балалардың, қарт адамдардың және мүгедектігі бар адамдардың болуы есепке алынады.

Жалпы, әл-ауқат деңгейін анықтау үшін алты бағыт бойынша 59-дан астам көрсеткіш қолданылады.

Есеп нәтижесі әлеуметтік төлемдерге әсер ете ме

Калькулятордағы есеп азаматтың өзі енгізген мәліметтерге сүйеніп жасалады және тек анықтамалық сипатқа ие.

Оның нәтижесі әлеуметтік төлемдерді тағайындау немесе тоқтату туралы шешім болып саналмайды. Яғни қосымшадағы бағалау отбасыға мемлекеттік қолдау көрсетілетінін немесе одан бас тартылатынын білдірмейді. Сервистің мақсаты – азаматтарға отбасының әл-ауқатын бағалау өлшемдерін түсінуге және алдын ала есеппен танысуға мүмкіндік беру.

Back to top button