Зеленский Трампты Грэмнің «тозақ санкцияларын» тоқтатқаны үшін сынады

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трампты Ресейге қарсы Линдси Грэмнің «тозақ санкцияларын» тоқтатқаны үшін сынады. Ол Ресей Украина энергетикасына жаппай шабуыл жасап жатқан тұста Вашиңтонның санкциялық заңды іс жүзінде қолданбай қоюы Мәскеуге қысымды әлсіретеді деп санайды, деп хабарлайды Униан.
«Ресей энергетикалық инфрақұрылымымызға жаппай соққы жасап жатқан кезде Америкада, өкінішке қарай, Ресейге қысым көрсетіп, соғысты тоқтатуға тиіс болған Линдси Грэмнің заң жобасын мүлде елемеу жөнінде шешім қабылданды», — деді Зеленский.
Оның айтуынша, Ресей қыс алдында Украинаны электр жарығынсыз қалдыруға тырысып жатыр. Мұндай жағдайда Мәскеуге қысым күшейтілуі керек.
«Қысымды әлсірету Путинді соғысты жалғастыруға ынталандырады»
Зеленский Ресей миллиондаған украиналықты электр қуаты мен жылудан айыруды көздеп отырғанын айтты. Ол АҚШ-тың санкцияларды тоқтатуын «санкциялық блэкаут» деп атап, Ресейге қысымның әлсіреуі мен Мәскеуге қаржының түсуі соғысты жалғастыруға түрткі болатынын мәлімдеді.
«Мұны тоқтату үшін қысым қажет. Американың санкциялық блэкауты, агрессорға қысымның әлсіреуі және Путинге ақша төленуі — мұның бәрі оны соғысты жалғастыруға ғана ынталандырады», — деді Украина президенті.
Дональд Трамп қыркүйекте өзі заңға қол қойған Линдси Грэмнің Ресей мен Иранға қарсы санкциялар туралы заңындағы бірқатар шараны күшіне енгізуді уақытша тоқтатты. Шешімін АҚШ-тың ұлттық мүддесімен түсіндірген Трамптың бұйрығы санкциялар мен тарифтер іске қосылуға тиіс мерзімге бірнеше күн қалғанда жарияланды. Заң Ресейдің энергия ресурстарын сатып алатын елдерге, соның ішінде мұнай мен газдың ірі импорттаушыларына қарсы тариф енгізуге мүмкіндік беретін.