Республика күні Астанада қалай тойланады – мерекелік бағдарлама
25 қазан – Республика күніне орай Астанада 120-дан астам іс-шара жоспарланған. Елордада жаңа нысандар ашылып, концерттер, спектакльдер, көрмелер, спорттық жарыстар мен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мерекелік бағдарлама салтанатты, мәдени-танымдық, білім беру, спорттық, экологиялық және әлеуметтік бағыттарды қамтиды. Іс-шаралар қаланың барлық алты ауданында ұйымдастырылады.
Қандай нысандар ашылып, мәдени шаралар өтеді?
Ұлттық мерекеге орай М. Төлебаев көшесі, 3 мекенжайында «TANYM SPORT» көпфункционалды кешені, ал Сұлтан Бейбарыс көшесі, 15 мекенжайында «TANYM ART» кешені жұмысын бастайды.
Сондай-ақ №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының қосымша ғимараты мен №2 қалалық көпбейінді аурухананың қабылдау-диагностикалық кешенін ашу жоспарланған.
Мәдени-білім беру бағдарламасы аясында әдебиет және өнер өкілдерімен кездесулер, конференциялар, тақырыптық кештер, пікірсайыстар мен байқаулар өтеді.
20 қазанда сағат 17:00-де «Жастар» сарайында «Елім деп соққан жүрегім» патриоттық кеші ұйымдастырылады. Осы күні елорданың барлық мектебінде Республика күніне арналған бірыңғай сынып сағаты өтеді. Ал 20–24 қазан аралығында оқушылар «Егер мен Президент болсам…» тақырыбындағы пікірсайыстарға және «Менің елім – Қазақстан» сурет байқауына қатысады.
21 қазанда сағат 11:00-де Сәкен Сейфуллин музейінде «Ұлт рухын ұлықтаған Сәкен» мәдени-танымдық кеші өтеді. Сол күні Ақжан әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінде «Болашақ прокурор» клубының қатысушылары арасында «QAZAQSTAN QUIZ» зияткерлік ойыны ұйымдастырылады.
22 қазанда сағат 11:00-де Достық үйінде Ғылыми-сараптамалық топтың қатысуымен конференция өтеді. Осы уақытта Орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында жазушы, драматург Жолтай Жұмат-Әлмашұлымен «Зерделі ұлт – кітап оқитын отбасынан басталады» тақырыбында кездесу ұйымдастырылады. Кейін кітапханада түн өткізу форматындағы «Әдебиет әлеміндегі түнгі керуен» іс-шарасы өтеді.
Сол күні сағат 19:00-де «Жастар» сарайында «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі «Ұлы дала әуені» мерекелік концертін ұсынады.
23 қазанда сағат 10:00-де қалалық мемлекеттік архивте оқушылармен «Егемен елдің ертеңі» кездесуі өтеді. Сағат 11:00-де М. Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапханада Сауытбек Әбдірахманов пен тарихшы Күлпаш Ілиясова белсенді жастармен «Байтақ елім – Қазақстан!» тақырыбында кездеседі.
Осы күні сағат 11:00-де Р. Қошқарбаев даңғылы, 29/1 мекенжайында «Ән-жырым саған, Қазақстан» концерттік бағдарламасы, ал сағат 19:00-де Мемлекеттік «НАЗ» би театрының «Аңсаған арман» концерті өтеді. Мерекелік шаралар алты аудандағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында да ұйымдастырылады.
24 қазанда Пригородный, Отау, Өнеркәсіп, Бағыстан, Өндіріс және Теміржолшылар тұрғын алаптарында концерттер өтеді. Сондай-ақ «Қорғалжын», «Жағалау», «Ататүрік», «Айғыржал», «Жастар» гүлзарлары мен қалалық алаңда мерекелік бағдарламалар ұсынылады.
25 қазандағы мәдени бағдарлама:
- 11:00 – Өнер музейінде «Рухты ел» лекция-концерті;
- М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында «Ер-Төстік туралы аңыз» ертегісі;
- 16:00 – Музыкалық жас көрермен театрында «Қазақстан өнерінің мақтаныштары» шығармашылық кеші;
- 18:00 – осы театрда «Абай – Тоғжан» музыкалық драмасы;
- 18:00 – Ә. Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында «Жас Абай» спектаклі.
Республика күні әлеуметтік осал санаттағы балаларға Ұлттық музей мен «Бәйтерек» монументіне экскурсиялар да ұйымдастырылады.
Жәрмеңке мен спорттық жарыстар қайда өтеді?
24–25 қазанда «Қазанат» ипподромының автотұрағында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Мекенжайы: Қарқаралы тасжолы, 1. Сауда орындары сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.
Жәрмеңкеде Қарағанды және Қостанай облыстарының шаруалары өз өнімдерін ұсынады. Тұрғындар азық-түлікті өндірушілерден тікелей сатып ала алады.
Спорттық бағдарлама кәсіби спортшыларды, жастарды, зейнеткерлерді және түрлі жастағы қала тұрғындарын қамтиды.
17–18 қазанда сағат 09:00-ден бастап Sana Sport кешенінде әкімдікке қарасты ұйымдардың қызметкерлері арасында волейбол турнирі өтеді.
19 қазанда Ақшоқы-2 мекенжайындағы Паралимпиадалық жаттығу орталығында көру қабілеті бұзылған қатысушылар арасында тоғызқұмалақтан Астана чемпионаты ұйымдастырылады. 20 қазанда сағат 10:00-де осы орталықта есту және көру қабілеті бұзылған қатысушылар арасында шахматтан ашық қалалық чемпионат өтеді.
22 қазанда сағат 10:00-де Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Есіл ауданының зейнеткерлері шахматтан жарысады. Сағат 14:00-де «МУА» педагогикалық колледжінде Алматы ауданы колледждерінің студенттері арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылады.
23 қазанда сағат 10:00-де Қаламгерлер аллеясында Байқоңыр ауданының тұрғындары тоғызқұмалақ, асық ату, армрестлинг және ләңгі тебуден бақ сынайды.
Әкімдік ұсынған бағдарламада «Барыс Аренадағы» халықаралық жарыстар да көрсетілген: 15–17 қазанда жүзуден әлем кубогының кезеңі, ал 24 қазанда күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Екі жарысты да тамашалау үшін билет сатып алу қажет.