Мирзиёевтің келісімінсіз тергеуге болмайды: Өзбекстанда жаңа тәртіп енгізілді
Өзбекстанда президент әкімшілігінің лауазымды тұлғалары мен бірқатар мемлекеттік орган өкілдерінің қолсұғылмаушылық кепілдіктерін бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Оларды заңсыз ұстаған, тергеу әрекеттерін жүргізген немесе осындай тапсырма берген адамдар сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz «Азаттық Азияға» сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, президент Шавкат Мирзиёев қол қойған құжат 15 қазанда күшіне енген.
Жаңа тәртіп қолсұғылмаушылық мәртебесі бар тұлғаларды заңсыз ұстағаны, мәжбүрлеп әкелгені, оларға қатысты жедел іздестіру және тергеу әрекеттерін жүргізгені үшін жауапкершілік белгілейді. Мұндай әрекеттерді жасауға бұйрық бергендер де жазаланады.
Бұл үшін үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Ал заңсыз әрекет қайталанса, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаса немесе күш қолданумен ұштасса, жаза бес жылдан сегіз жылға дейін күшейеді. Дәлелдемелерді бұрмалау, заңсыз қамауға алу немесе қылмыстық жауапқа тарту жағдайларында да осы жаза қарастырылған.
Қолсұғылмаушылық кепілдіктері президент әкімшілігінің өкілдерінен бөлек, депутаттарға, омбудсмендерге, Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне, президенттікке кандидаттарға, прокурорлар мен тергеушілерге қолданылады. Сондай-ақ бұл тізімге Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі мен Ұлттық ұлан қызметкерлері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрылымдардың өкілдері және адвокаттар кіреді.
Әкімшілік қызметкерлерін тергеуге президенттің келісімі қажет
Президент әкімшілігінің лауазымды тұлғалары мен басшы қызметкерлеріне берілген қолсұғылмаушылық кепілдіктері олардың отбасы мүшелерін де қамтиды. Қорғау жеке өміріне, тұрғын үйі мен қызметтік бөлмелеріне, көлігіне, байланыс құралдарына, хат-хабарлары мен электрондық деректеріне де таралады.
«Азаттық Азияның» жазуынша, отбасы мүшелерінің қатарына жұбайы, оның ішінде бұрынғы жұбайы, балалары мен ата-анасы кіреді. Әкімшіліктің басшы қызметкерлері лауазымынан кеткеннен кейін де бес жыл бойы осы иммунитетті сақтайды.
Әкімшіліктің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізу үшін мемлекет басшысының жазбаша келісімі қажет. Ал олардың отбасы мүшелеріне қатысты мұндай әрекеттер әкімшіліктің жазбаша келісімімен ғана жүзеге асырылады.
Депутатты жауапқа тарту үшін ол қызмет ететін парламент палатасының келісімін алу керек.
Бұл өзгерістер Өзбекстан президенті әкімшілігінің өкілеттіктері кеңейіп жатқан кезеңге тұспа-тұс келді. Әкімшілікті 2025 жылғы маусымнан бері президенттің қызы Саида Мирзиёева басқарады.