$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41
Жаңалықтар

Ақтөбеде танымал дәрігер 53 млн теңге жымқырғаны үшін сотталды

Ақтөбеде қалалық №3 емхананың бұрынғы бас дәрігері, 40 жылдан астам уақытын медицина саласына арнаған Жәнібек Нармұхамедовке сот үкімі шықты. Ол Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан (ӘМСҚ) 53 миллион теңгеден астам қаражат жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот дәрігерді бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Tizgin.kz «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.

DamuMed жүйесіне жалған мәлімет енгізіп, 53 млн теңге алған

Іс материалдарына сәйкес, Жанвек Нармұхамедов «Медина Клиник» медициналық мекемесінің де иесі болған. Клиника кепілдік берілген тегін медициналық көмек көлемі аясында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаржы алып отырған. Айыптау нұсқасы бойынша, дәрігер медициналық мекемені туысының сенімгерлік басқаруына берген. Кейін ол туысы мен клиника директорына қатысты жағдайды пайдаланып, басқа медициналық ұйымдардан жолдама арқылы келген пациенттер туралы ақпаратты зерделеген.

Тергеу дерегіне сәйкес, Нармұхамедов осы мәліметтерді пайдаланып, қордан ақша алудың заңсыз схемасын ұйымдастырған. Ол DamuMed ақпараттық жүйесіне көрсетілген медициналық қызметтер туралы жалған мәліметтер енгізген. Соның негізінде қор клиникаға тиісті төлемдерді аударып отырған. Тергеу мәліметтері бойынша, осы әрекеттердің нәтижесінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 53 миллион теңгеден астам залал келтірілген. Айыпталушы бұл қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

Дәрігер кінәсін мойындап, шығынды толық өтеген

Сотта Жәнібек Нармұхамедов кінәсін мойындап, мемлекетке келтірілген залалды толық өтеген. Осыдан кейін ол прокуратурамен процестік келісім жасасқан.

Сот оны бес жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарып, жазаны шартты деп белгіледі. Әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Ақтөбе тұрғындары Нармұхамедовті медицина саласында 40 жылдан астам еңбек еткен тәжірибелі маман ретінде таниды. Ол қалалық №3 емхананы 14 жыл басқарған. Бас дәрігер қызметінде жүрген кезінде емхана базасында көз микрохирургиясының амбулаториялық орталығын ашқан.

Сондай-ақ пандемия кезінде ауруханаларда орын тапшылығы туындаған шақта емхана базасында стационар ашу туралы шешім қабылдаған. Еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған.

Back to top button