$ 454.14 € 509.23 ₽ 5.41
TOP-2Жаңалықтар

Соғыс аймағынан 11 қазақстандық шығарылды – заңгер

Украинадағы соғысқа тап болған қазақстандықтардың 11-і майдан шебінен шығарылған. Бұл туралы заңгер, адвокат Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

11 қазақстандық соғыс шебінен шығарылды

Мейірман Шекеевтің мәліметінше, соғыс шебінен шығарылған Қазақстан азаматтарының саны 11-ге жеткен. Заңгер олардың алдағы уақытта елге аман-есен оралуына үміт білдірді.

«Бәрі сәтті болса, олардың елге қайтар күні алыс емес деп ойлаймын», – деп жазды ол.

Әзірге аталған азаматтардың Қазақстанға нақты қашан жеткізілетіні белгісіз.

«Ешбір ана баласының жолына телміріп, көз жасын төкпесін»

Мейірман Шекеев өз жазбасында соғысқа тап болған азаматтардың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, олардың отбасыларына аман-есен оралуын тіледі.

«Елге аман-есен оралатын балаларымыздың саны көбейе берсін! Ешбір ана баласының жолына телміріп, көз жасын төкпесін. Ешбір бала алданып, жат жерде соғыстың құрбаны болмасын. Әр ананың көз жасы қуаныш жасына айналып, әр шаңырақта амандықтың сүйінші хабары естілсін! Алла барлығын отбасымен аман-есен қауыштырсын!» – деді заңгер.

Сыртқы істер министрлігі жұмыс жүргізіп жатыр

Заңгердің айтуынша, Қазақстан азаматтарын елге қайтару бағытында Сыртқы істер министрлігі тиісті жұмыстар атқарып жатыр.

«СІМ тарапынан барлық жұмыстар жасалып жатыр», – деп жазды Мейірман Шекеев.

Бұған дейін Ресейге жұмыс істеуге барып, кейін Украинадағы соғысқа тартылғанын мәлімдеген қазақстандықтар көмек сұраған болатын. Олардың туыстары да Қазақстанның құзырлы органдарына жүгініп, азаматтарды қауіпсіз жерге шығарып, елге қайтаруға жәрдемдесуді өтінген.

Еске салсақ, бұған дейін Украинада жүрген 14 қазақстандық бүгін Ресей елшілігіне жеткізілетінін, Украина соғысына әкетілген жеті сарбаз соғыс шебінен Воронежге жеткізілгені туралы жаздық.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button