$ 454.14 € 509.23 ₽ 5.41
TOP-2Жаңалықтар

Табыс пен мүлік тексеріледі: 2027 жылдан бастап әлеуметтік көмек қалай тағайындалады

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда отбасылардың әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтаудың жаңа әдістемесі күшіне енеді. Енді әлеуметтік көмектің жекелеген түрлерін тағайындау кезінде отбасының табысы ғана емес, мүлкі, несиесі, жұмыспен қамтылуы және асырауындағы адамдар саны да ескеріледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі қалай өзгереді

Министрдің айтуынша, жаңа әдістеменің басты мақсаты – мемлекеттік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау. Бұған дейін әлеуметтік қолдаудың кейбір түрлері азаматтардың белгілі бір санатқа жатуына қарай тағайындалса, жаңа тәсілде отбасының нақты материалдық және әлеуметтік жағдайы ескеріледі.

«Отбасының мүліктік және әлеуметтік жағдайы бағаланады. Бірде-бір мұқтаж қазақстандық қолдаусыз қалмайды. Бұл – әлеуметтік саясаттың басты қағидаты», – дейді Асқарбек Ертаев.

Министрдің мәліметінше, жаңа әдістеме 2026 жылғы 4 қазанда бекітілген. Ол екі негізгі бөліктен тұрады: отбасының материалдық әл-ауқаты және әлеуметтік тұрақтылығы. Ал 2023 жылдан бері қолданылып келген бұрынғы әдістеме 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшін жояды.

Отбасының табысы, несиесі мен мүлкі қалай есептеледі

Жаңа әдістеменің бірінші бөлігі отбасының материалдық жағдайын 59 көрсеткіш бойынша бағалауды көздейді. Атап айтқанда, мынадай мәліметтер ескеріледі:

  • Отбасы мүшелерінің табысы мен жұмыспен қамтылуы;
  • Несиелері мен өзге де қаржылық міндеттемелері;
  • Жылжымайтын және жылжымалы мүлкі;
  • Автокөлік және басқа да көлік құралдарының болуы;
  • Кәсіпкерлік қызметпен айналысуы;
  • Жер телімдері мен ауыл шаруашылығы қызметінің болуы.

Бұл ақпараттар мемлекеттік дерекқорлардан автоматты түрде алынады, яғни азаматтарға отбасының әлеуметтік жағдайын бағалату үшін қосымша анықтамалар жинап, мемлекеттік органдарға арнайы жүгінудің қажеті болмайды. Бағалау бірыңғай талаптар бойынша автоматты түрде жүргізіледі.

Сонымен қатар, жаңа жүйеде әлеуметтік көмек алатын жеке адам ғана емес, бүкіл үй шаруашылығының жағдайы қарастырылады. Белгіленген тәртіпке сәйкес, бір мекенжайда тіркелген отбасы мүшелері, сондай-ақ бірге тұратын туыстары мен өзге де адамдар туралы мәліметтер есепке алынады.

Табысы бірдей отбасылар неге әртүрлі бағаланады

Әдістеменің екінші бөлігі отбасының әлеуметтік жүктемесін анықтауға арналған. Бұл ретте отбасы мүшелерінің саны, асырауындағы балалар, қарт адамдар және мүгедектігі бар азаматтардың болуы ескеріледі. Министрдің түсіндіруінше, екі отбасының айлық табысы бірдей болғанымен, олардың тұрмыс деңгейі әртүрлі болуы мүмкін.

Мәселен, екі отбасының да ай сайынғы табысы 500 мың теңге делік, алайда бір отбасында екі адам, ал екіншісінде бес адам тұратын болса, олардың қаржылық мүмкіндіктері бірдей болмайды. Сондықтан жаңа жүйе отбасының жалпы табысымен қатар, асырауындағы адамдар саны мен әлеуметтік жүктемесін де назарға алады. Осының нәтижесінде асырауындағы адамдары көп отбасының материалдық және әлеуметтік жағдайына берілетін баға төменірек болуы мүмкін.

Жаңа әдістемеде жалғызбасты ата-аналардың жағдайы мен отбасы мүшелерінің бөлек тұруына қатысты ерекшеліктер де қарастырылған. Осылайша, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік көмектің жекелеген түрлерін тағайындау кезінде отбасылардың нақты мұқтаждық деңгейіне басымдық беріледі.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button