Алматылықтар Rams Beyond 40 қабаттық мұнарасын салуға қарсы петиция жазды

Алматылықтар бұл аумақты саябаққа айналдыруды талап етіп отыр, деп жазады Tizgin.kz.
E-petition.kz платформасында Алматы тұрғындары Rams Beyond Almaty атты қырық қабатты тұрғын үй кешенінің құрылысын тоқтатуды, оның орнына жасыл қоғамдық саябақ салуды талап еткен петиция жарияланды. Петиция бастапқы қажет 50 дауыс жинап үлгерді, қазір модерацияда тұр.
Тұрғындар мұнара мен бес тұрғын үйдің құрылысын тоқтатуды, жер телімін қайтадан жасыл аймаққа қайтаруды, тоғыз қабаттан жоғары ғимарат салуға тыйымды сақтауды және жобаны басқа ауданға не қалаға көшіруді талап етеді.
Әкімдік бастапқыда жоба бойынша қоғамдық тыңдаулар өткенін айтқанымен, кейін олардың болмағанын мойындады. Ал Rams компаниясы тыңдаулар өткенін алға тартуда.
КОМПАНИЯ НЕ ДЕЙДІ
Компанияның хабарлауынша, тыңдаулар 2024 жылдың шілде айында Rahat Palace Hotel қонақүйінде өткен. Алайда ол бойынша хаттама мен нақты деректер ұсынылмаған.
Алматының орталығында тоғыз қабаттан биік ғимарат салуға шектеу бар. Дегенмен Rams Beyond жобасы «бірегей нысан» ретінде көрсетіліп, оған ерекше рұқсат берілген.