Қазақстанда келер жылдан бастап автонесие алу қиындауы мүмкін
Елде келер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап кейбір автонесиеге қойылатын талаптар өзгеруі мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz Finratings-ке сілтеме жасап.
Қарыз жүктемесі қанша
Анықталғандай республика аумағында қарыз жүктемесі коэффициентінің (ҚЖК) стандартты шегі – 50%. Демек, ай сайынғы расталған табысы 400 мың теңгеге жететін адамның барлық несие бойынша төлемі әдетте 200 мың теңгеден аспауы керек.
Қазір кейбір автокредит мұндай шектеуден босатылған. Егер жеңілдік ұзартылмаса, келер жылдан бастап банктер оларға да тиісті талаптарды қолдануы мүмкін. Дегенмен Ұлттық банк нақты бір шешім қабылдамады әлі.
Алғашқы жарна қанша болуы керек
Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, ҚЖК шектеуінен босату үшін жүрілген көліктерге мынадай ең төменгі алғашқы жарна қарастырылған:
- Үш жылға дейінгі көлікке – құнының кемінде 30%-ы;
- Үш жылдан асқан көлікке – кемінде 50%.
Жаңа, әрі елде алғаш рет тіркелетін көліктерге осы жеңілдікті қолдану үшін нормативте ең төменгі алғашқы жарна белгіленбеген. Дегенмен банкте өз талаптарын қоюға мүмкіндік бар. Жеңілдік тоқтатылса, алғашқы жарнаның болуы қарыз алушыны ҚЖК талабынан автоматты түрде босатпайды.
Талаптарды не үшін қайта қарастырып жатыр
Ұлттық банк дерегінше, биылғы қаңтар-тамыз айларында республика көлемінде 1,2 трлн теңгеге автонесие берілген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 22,9%-ға аз.
Одан бөлек, автонесиелердің жалпы портфелі өсіп келеді. Осы жылы 1 қыркүйекте оның көлемі 4,3 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 16,3%-ға артты.
Ұлттық банк жеңілдіктерді ұзарту жағын кредиттік портфель сапасы мен халықтың борыш жүктемесін ескеріп, қарастырып жатыр.
Көлік алғысы келетіндерге кеңес
Ықтимал өзгерістер бұрын жасалған кредит шарттарын өздігінен өзгертпейді. Ал жаңа автокредит рәсімдегенде банк сол кезде қолданыста болатын талаптарды ескереді.
Әзірге автонесие алуға қойылатын талаптарды қатаңдату жағы нақты шешілген жоқ. Осы себепті темір тұлпар сатып алуды жоспарлағандарға барлық несие бойынша ай сайынғы төлемдерін есептеп қойған жоқ.