“Әкімдіктер солай деді”: Экология министрлігі “Таза Қазақстанға” 10,4 млн адам қатысты деп есеп берді
Экология министрлігінің өкілдері бүгін «Таза Қазақстан» бастамасын іске асырудың 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындылары жөнінде есеп берді, деп жазады Tizgin.kz.
Баспасөз мәслихаты барысында экология министрлігінің өкілдері “Таза Қазақстан” бағдарламасы басталғалы акцияларға 10,4 млн адам қатысқанын, оның 500 мыңнан көбі еріктілер екенін мәлім еткен.
“10 миллионнан астам адам акцияларға қатысты деген мәліметтерге өздеріңіз сенесіздер ме? Қаншалықты мониториң жүргізіп жатырсыздар? Қаншалықты жұмыс тиімді түрде атқарылып жатыр. Науқаншылыққа түсіп кеткен жоқсыздар ма” деп сұрады Tizgin.kz тілшісі олардан.
ЖАУАПТЫЛАР НЕ ДЕЙДІ
Бұл сұраққа жауап берген министрліктің экологиялық мәдениет және саясат департаментінің директоры Дәулет Есмағамбетов “бүкіл адамды санап, мониториң жасау мүмкін емес екенін” мойындады.
“Бұған жұмсаса көп уақыт кетеді. Сондықтан, біз бұл ақпаратты әкімдіктердің өзінен аламыз. Әр акция бойынша БАҚ-та немесе әлеуметтік желілерде тиісті ақпарат таратылады. Сол сілтемелер арқылы біз жанама мониториңді өткіземіз. Әр шараға тиісті сүйемелдеулер бар. Соған қарап сандарға жанама көз жеткіземіз”, – дейді ол.
“Яғни осы сандарға өздеріңіз сеніп отырсыздар ма?” деп сұрақ қойылған. Бұл сұраққа министрліктің экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов жауап берді.
“Адам саны – жергілікті атқарушы органдардың берген ақпараты. Шыны керек, оны санау мүмкін емес. Жергілікті атқарушы органдар осы акциялар аясында қатысқан адамдардың санын береді. Қалдықтарды жинау, шығару жағына нақты ақпаратымыз бар. Неге десеңіз, ғарыш мониториңі негізінде Қазақстан ғарыш сапары мекемесі бізге ақпарат беріп отыр. Қай жерде қандай көлемде заңсыз үйінділер бар – солар жиналғаннан кейін ақпараттарға мониториң жасап отырамыз”, – дейді ол.