Шетелде арзан көрінген көлік Қазақстанға жеткізіліп, тіркеуден өткенше едәуір қымбаттауы мүмкін. Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоковтың есебінше, жаңа көліктердің түпкілікті құны бастапқы бағасынан 74-80 пайыз қымбат шығады. Ал қолданыста болған кей машиналар бойынша шығын екі еседен де асады, деп хабарлайды Tizgin.kz «31 арнаға» сілтеме жасап.
Көліктің бағасына қанша шығын қосылады
Эдуард Эдоков кейінгі жылдардағы сатылымда сұранысқа ие болған Қытай, Оңтүстік Корея және АҚШ көліктерінің үш моделін салыстырған. Оның есебіне жеткізу, кедендік рәсімдеу, утильалым, алғашқы тіркеу, мемлекеттік нөмір алу және өзге де төлемдер кірген.
| Көлік әкелінетін ел | Жаңа көліктің қымбаттауы | Қолданыста болған көліктің қымбаттауы |
|---|---|---|
| Қытай | 74% | 133% |
| Оңтүстік Корея | 76% | 111% |
| АҚШ | 80% | 85% |
Бұл көрсеткіштер барлық көлікке бірдей қолданылатын үстеме емес, сарапшы қарастырған модельдер бойынша жасалған есеп. Эдоковтың айтуынша, қосылған шығынның шамамен 60 пайызы мемлекетке төленетін төлемдерге тиесілі. Шетелден көлік әкелуді жоспарлаған қарағандылық Дмитрий Чаренцев те осы шығындарды есептеген. Кедендік рәсімдеу, жеткізу және тіркеу төлемдерін қосқанда, өзі таңдаған машинаның бағасы екі есеге жуық өскен.
Ол шетелден өз бетінше әкелінген көліктің кепілдігі мен кейінгі қызмет көрсетуіне де мән беру керегін айтады.
«Зауыттан тікелей әкелсем, мұнда біреудің оған қызмет көрсетуге келісетініне кепілдік жоқ. Қазақстандағы дилерлерді қолдап айтарым – олар белгілі бір жауапкершілікті мойнына алады. Ал көлікті өзің әкелсең, шын мәнінде, не күтіп тұрғанын білмейсің», – деді «Automotolife-Қарағанды» қауымдастығының мүшесі Дмитрий Чаренцев.
Импорттағы өзгерістер кімге тиімді
Қыркүйектің соңында Қазақстанда жеке тұлғалардың шетелден әкелетін көліктерін рәсімдеу тәртібі өзгерді. Жеке пайдалануға және коммерциялық мақсатта әкелінетін автомобильдерге қойылатын талаптар бөлек қарастырылады. Кедендік төлем де көліктің жасына, құнына, қозғалтқыш көлеміне және рәсімдеу тәртібіне байланысты есептеледі. Эдуард Эдоков жаңа тәртіп ресми дилерлердің нарықтағы артықшылығын күшейтіп, балама импорттың бәсекелестік мүмкіндігін шектейді деп есептейді. Оның пікірінше, сырттан өз бетінше көлік әкелудің қымбаттауы сатып алушының таңдауына әсер етеді.
Ал «За рулём» журналының Қазақстандағы бас редакторы Алексей Алексеев бұл шараларды салықтан жалтаратын және өзін дилер ретінде таныстыратын делдалдармен күрес деп түсіндіреді. Оның айтуынша, ресми дилердің шығыны көлікті жеткізумен шектелмейді. Дилерлік желі құру, қызметкерлерге жалақы төлеу, кепілдік беру, сервистік қызмет көрсету және машинаны жергілікті жағдайға бейімдеу де қаражат талап етеді.
Сарапшылар отандық өндірістің болашағына қатысты да әртүрлі пікірде. Эдоков автозауыттардың тиімді жұмыс істеуі үшін өндіріс көлемі жеткілікті болуы керегін айтып, ішкі нарықтағы сатып алу қабілеті мен экспорт мүмкіндігінің шектеулі екенін алға тартады. Алексеев болса, Қазақстанда құрастырылған көліктердің бағасы төмендеп келе жатқанын және бұл үрдіс жалғасуы мүмкін екенін айтады.