Каспий арқылы цифрлық дәліз: Тоқаев пен Әлиев қандай мәселелерді талқылады
Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесіп, екі ел арасындағы сауда, энергетика және көлік салаларындағы әріптестікті талқылады. Президенттер өзара тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізу ниетін растады, деп хабарлайды Tizgin.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Каспий арқылы цифрлық байланыс нығаяды
Кездесуде мемлекеттер басшылары Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосудың маңызына тоқталды. Каспий теңізінің табанымен жүргізілген желі Қазақстан мен Әзербайжанның цифрлық байланысын күшейтіп, Еуропа мен Азия арасында тағы бір цифрлық дәліздің қалыптасуына ықпал етеді. Бұл тұтас өңірге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевке Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммитіне қатысуға шақырғаны және қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтты. Сондай-ақ саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Қазақстан Президенті Әзербайжанның Кеңеске төрағалығы кезінде нақты бастамаларды ілгерілетуге және ұйымның халықаралық беделін нығайтуға елеулі үлес қосқанын айтты.
Сауда мен энергия тасымалын ұлғайту көзделіп отыр
Президенттер екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың қарқыны артып келе жатқанын атап өтіп, тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізуге ниетті екенін растады.
Сонымен қатар Қазақстанның энергия ресурстарын Әзербайжан арқылы тасымалдау көлемін ұлғайту мәселесі талқыланды. Тараптар өнеркәсіп, энергетика, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға назар аударды.
Кездесуде мәдени-гуманитарлық байланыстар, білім беру мен туризм салаларындағы әріптестік және парламентаралық ынтымақтастық мәселелері де қозғалды.
Кездесу соңында Тоқаев пен Әлиев Қазақстан мен Әзербайжанның стратегиялық серіктестігін одан әрі тереңдетуге және қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті түрде іске асыруға бейіл екенін растады.