$ 450.62 € 504.20 ₽ 5.36
Білім

ҰБТ-ны түлектер енді бұрынғыдай тапсырмайды – тестте не өзгереді

Қазақстанда жоғары оқу орындарына түсуге арналған тестілеудің жаңа моделі әзірленіп жатыр. Ол талапкерлердің пәндік білімімен қатар сыни ойлау, академиялық жазу және цифрлық сауат дағдыларын бағалауды көздейді. Жобаны пилоттық сынақтан өткізу 2027 жылдың көктеміне жоспарланған, деп хабарлайды Tizgin.kz Білім беру мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа тестілеу екі бөліктен тұрады

15 қазанда Qazaq AI Research University-де Жоғары білім қызметкерлері күніне арналған форум өтті. Онда Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжанов ҰБТ-ның жаңа форматы мен оқушылардың білімін бағалау тәсілдері туралы баяндама жасады. Ол орталықтың халықаралық ETS ұйымымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан Admission Insight Test (AIT) жобасын таныстырды. Жоба 2026 жылдың ақпанында басталған, оны іске асыру 2030 жылға дейін жалғасады.

Ұсынылған модель екі бөліктен тұрады. Біріншісі – 14 бейіндік пән бойынша тесттер. Тапсырмаларды мемлекеттік стандартқа сай жаңартып, ақпаратты жатқа қайталаудан гөрі оқу материалын түсінуге көбірек мән беру жоспарланып отыр. Екінші бөлік талапкерлердің дағдыларын бағалауға арналған. Ол бес модульді қамтиды. Оларда сыни ойлау, академиялық жазу мен зерттеу, коммуникация, жасанды интеллект, сандық және цифрлық сауаттылық, сондай-ақ креативті және дизайн-ойлау дағдылары бағаланбақ. Соңғы модуль әзірге әзірленіп жатыр.

Байжановтың айтуынша, пәндік білім емтиханның негізі болып қала береді. Дағдыларды бағалау оны алмастырмайды, толықтырады. Тестілеу құрылымы білім беру саясаты мен зерттеу нәтижелеріне қарай нақтыланады.

Пилоттық сынақ 2027 жылдың көктеміне жоспарланған

Жаңа модельді әзірлеуге университеттер, оқытушылар және білім беру саласының өзге де өкілдері тартылып жатыр.

2026 жылдың сәуірінде Ұлттық тестілеу орталығы мен ETS шамамен 4 мың респондент қатысқан зерттеу жүргізген. Сондай-ақ Астанада сегіз фокус-топ пен төрт тереңдетілген талқылау ұйымдастырылған. Бұл жұмыс жаңа модельді қалыптастыру кезінде түрлі пікірді ескеруге бағытталған. AIT-ді пилоттық сынақтан өткізу 2027 жылдың көктеміне жоспарланып отыр. Бұл – жаңа модельді сынау кезеңі. Хабарламада оның ҰБТ жүйесіне толық енгізілетін нақты мерзімі көрсетілмеген.

Back to top button