“Неге үнсіз отырсыздар”: Құспан Мәдиев пен Мусинді ел алдына шығуға шақырды
Бұрынғы мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан Яндекс такси қызметіне байланысты туындаған жағдайдан кейін экс-министр Бағдат Мусин мен қазіргі жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке үндеу жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Абзал Құспан желідегі жазбасында әуелі Бағдат Мусин мен Жаслан Мәдиевке Мемлекет басшысы ерекше сенім артқанын, олардың Қазақстандағы цифрландырудың бастауында тұрғанын, ел үшін жаңа саланың дамуына жол ашқан азаматтар ретінде танитынын жазған. Сонымен қатар азаматтарың еңбектерін бағалайтынын, үлкен үмітпен қарайтынын да атап өткен.
“Осы уақытқа дейін екеуіңіздің де аттарыңызға бірде-бір сын айтқан емеспін. Депутат кезімде де «болам деген жігіттің белін бу, пайдам тимесе де, зияным тимесін» деген ұстанымда болдым”, – деп жазды заңгер.
Алайда Яндекс такси қызметіне байланысты туындаған жағдайдан кейін Абзал Құспан екі азаматқа үндеу жасағанды жөн көрген.
“Бүгін бірінші рет өздеріңе үн қатқалы отырмын. Соңғы күндері Яндекс такси қызметіне байланысты туындаған жағдайдан кейін отандық «Апару», «Қажет» такси сервистері төңірегінде қызу пікірталас жүріп жатыр. Әсіресе қазақ тілді ортада қатты талқылануда. Шынымды айтсам, көп нәрсе түсініксіз. Түсінбей отырғандардың бірі мен өзім. Міне, дәл қазір сіздердің ел алдына шығып, жағдайды түсіндіріп, бағыт-бағдар беретін уақыттарыңыз емес пе? Еліміздің цифрлық болашағына жауапты азаматтар осындай сәтте сөйлемегенде, қашан сөйлейді? Сіздерге деген құрметім өзгерген жоқ. Жеке бастарыңызға да, атқарып жатқан жұмыстарыңызға да көлеңке түсіру ойымда жоқ. Бірақ бір нәрсені түсінбеймін: елге сөздеріңіз керек болып тұрған дәл осы сәтте неге үнсіз отырсыздар?”, – деп сұрады Абзал Құспан.
Абзал Құспан жазба жариялағаннан соң артынша жауапты мекемеден баспасөз хатшысы хабарласқанын жазды.
“Бағдат Мусин қазір тікелей цифровизация саласына жауапы емес, Казахтелеком АҚ төрағасы екенін жақсы білемін, соған қарамастан атын атап, белгілеген себебім ел ол азаматты бәрібір осы саланың бастауында тұрған азамат ретінде таниды. Міне осы мекемеден баспасөз хатшысы, өзім жақсы сыйлайтын Альбина Атен хабарласты. Қазір басшылық құрам іссапарда екенін, алдағы апта арнайы шақырып кездесу өткізетінін айтты. Нәтижесі туралы міндетті түрде хабарлаймын”, – деді Құспан.
Еске салсақ, 11 қазанға қараған түні Ресейдің Владимир қаласындағы «Яндекс» дата-орталығына дрондар шабуыл жасап, нысанның жұмысы тоқтап қалған еді. Компания инфрақұрылымның зақымданғанын растады. Оқиға салдарынан Yandex Cloud бұлтты платформасы авариялық режимге көшті.
Қазақстанда жексенбі, 11 қазанда «Яндекстің» курьерлер мен такси жүргізушілеріне арналған сервистері ашылмай қалды. Содан «Яндекс Go Qazaqstan» сервистердегі ақауларға байланысты мәлімдеме жасады.
Қазақстанда Яндекс Go қызметінің жұмысында ақау туындағаннан кейін inDrive сервисіне сұраныс күрт артты. Компания басшысы Арсен Томский жүргізушілерді көбірек тарту үшін комиссия төмендетілгенін, ал бағаның шамадан тыс өсуін тежеу мақсатында қосымша шара қарастырылып жатқанын мәлімдеді.
Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев Қазақстандағы «Яндекс» сервистерінің жұмысы алдағы 2-3 күнде толық қалпына келетінін айтты.
Бұл оқиға «Яндекстің орнын басатын өз палтформамыз неге жоқ» деген жауыр болған әңгімені қайта жарыққа шығарды. Ал Tizgin.kz “Қазақстанның цифрлық егемендігі соншалық осал ма?” деген сұраққа жауап іздеп көрді.