ЕрекшеЭкономика

Үкімет алғаш рет Ұлттық қордан нысаналы трансферт ақшасын алудан бас тартқалы отыр

Үкіметте 2026-2028 жылдарға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық болжамы қаралып жатыр, деп жазады Tizgin.kz. 

ҚАРЖЫ МИНИСТРІ НЕ ДЕЙДІ

Үкіметте баяндама жасаған қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, алдағы жоспарлы кезеңге арналған заң жобасы 2026–2028 жылдарға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленген. Республикалық бюджет жобасының негізгі параметрлері келесідей қалыптасқан:

  • Түсімдер 2028 жылға қарай 27,6 трлн. теңгеге дейін арта отырып, 2026 жылы 23,1 трлн. теңгені немесе жалпы ішкі өнімнің 12,6% (пайызын) құрайды.
  • Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт, жыл сайын 2,8 трлн. теңге мөлшерінде белгіленді.
  • Бюджет тапшылығы 2026 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,5% (пайызынан) 2028 жылға қарай 0,9% (нөл бүтін тоғыз пайызға) дейін кезең-кезеңімен төмендету жоспарлануда.
  • 2026 жылғы кірістер мен бюджет тапшылығын есепке алғанда, шығыстар ағымдағы жылдың жоспарымен салыстырғанда, 2 трлн теңгеге артып, 27,7 трлн теңгені құрайды, 2028 жылға қарай 29,7 трлн теңгеге дейін өседі.

“2026 жылға арналған республикалық бюджеттің шығыстары ағымдағы жылмен салыстырғанда, 2 трлн. теңгеге ұлғая отырып жоспарланып отыр. Келесі жылдың бюджеті, алғаш рет Ұлттық қордан нысаналы трансферттерін пайдаланбай теңгерімделді, және нақты сектордағы мемлекеттік қолдау шараларының ауқымды өсуімен әлеуметтік бағдарланған күйінде қалды. Бұл ретте шығыстарды оңтайландыра отырып, басымдық беру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Жалпы шығыстардың үлесіндегі ағымдағы базалық шығыстардың үлесі 15%-дан 12,3%-ға дейін төмендеді”, – дейді Мәди Тәкиев.

ЖҰМАНҒАРИННІҢ БОЛЖАМЫ

Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің сөзінше, Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2026 жылы 60,8 млрд доллардан 2035 жылы 109,9 млрд долларға дейін өседі деп болжанады. Оның сөзінше, бюджет нысаналы трансферт түрінде Ұлттық қордан қосымша қаражат тартудың қажеттілігінсіз өзін-өзі қамтамасыз етеді. Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2026 жылы 60,8 млрд доллардан 2028 жылы 68,6 млрд долларға дейін өседі деген болжам бар.

Back to top button