Тоқаев Израиль Президентімен кездесті: Таяу Шығыстағы жағдай талқыланды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль Президенті Ицхак Герцогпен кездесті. Мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықты дамыту және Таяу Шығыстағы ахуал мәселелерін талқылады. Бұл туралы Ақорда мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қазақстан мен Израиль ынтымақтастығы
Кездесу Бакуде өтіп жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің VII саммиті аясында ұйымдастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ицхак Герцог Қазақстан мен Израиль арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге назар аударды.
Мемлекет басшысы Израиль Президентінің биыл сәуірде Астанаға жасаған сапары екі ел арасындағы байланыстарды дамытуға елеулі серпін бергенін айтты.
Өз кезегінде Ицхак Герцог Қазақстанға сапарын ризашылықпен еске алып, еліміздің түрлі саладағы жетістіктері екіжақты ықпалдастықты тереңдетуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Сонымен қатар Израиль Президенті Қазақстанның Бейбітшілік кеңесіне қосылуын құптады. Ол бұл қадамды бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға қосылған маңызды үлес ретінде бағалады.
Таяу Шығыстағы қақтығыс
Келіссөз барысында мемлекеттер басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, соның ішінде Таяу Шығыстағы жағдайды сөз етті.
Тоқаев шиеленісті бәсеңдетіп, қақтығыстарды дипломатия құралдары арқылы реттеу қажеттігін жеткізді және Қазақстанның осы қағидатты берік ұстанатынын айтты.