Ресейлік әнші Navai екі айға қамауға алынды

Navai лақап атымен танымал ресейлік әнші Наваи Бакиров есірткі контрабандасы ісі бойынша екі айға қамауға алуға санкция берілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұған дейін әнші Қазақстан шекарасында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын.
Полицияның бастапқы мәліметінше, оған қатысты есірткі заттарының контрабандасына оқталу күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.
Navai қалай ұсталды
Tizgin.kz бұған дейін хабарлағандай, Наваи Бакиров 13 қазанда Қазақстанға кірер кезде Жамбыл облысындағы «Қордай» бақылау-өткізу пунктінде ұсталған.
Әншіні полиция қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп ұстаған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, орындаушы мінген автокөлікті тексеру барысында есірткі заты табылып, тәркіленген. Алайда оның нақты қандай зат екені және мөлшері жарияланған жоқ.
Бұған дейін Tizgin.kz ресейлік әнші Navai-дың Жамбыл облысында ұсталғаны туралы ақпарат тарағанын жазған еді. Енді құқық қорғау органдары орындаушының ұсталғанын растады.
14 қазанда әртістің Астанада концерті өтуге тиіс болған. Алайда басталуына бірнеше сағат қалғанда ұйымдастырушылар техникалық себептерге байланысты концерттің өтпейтінін хабарлады. Ресми хабарламада бұл шешімнің әншінің ұсталуымен байланысы нақтыланбаған.