Журналист Дана Нұржігіттің сталкинг туралы кітабы жарық көрді

Журналист Дана Нұржігіттің сталкинг тақырыбына арналған «Көлеңке. 115-1» атты кітабы жарық көрді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сталкинг салдары
Сталкинг салдарымен Дана Нұржігіттің өзі де ұшырасқан. Ол мәселені сырттай бақылаушы емес, іштей зерттеген куәгер ретінде баяндайды.
Сталкинг – қылмыстың басы ғана! Ол бір сәтте емес, айлар,кейде тіпті жылдарға созылатын үдеріс, – дейді ол кіріспеде.
Депутаттар алғысөз жазған
Кітапқа заңгер, депутат және полиция өкілдері алғысөз жазған.
Қазақстанның құрметті заңгері Абзал Құспанның сөзінше, автордың азаматтық ұстанымы сталкинг мәселесін қоғамдық кеңістіктен заңнамалық деңгейге жеткізуге ықпал етті. Құрылтай депутаты Снежана Имашева кітап атауы Қылмыстық кодекстің сталкингке қатысты 115-1-бабына сілтеме жасайтынын алға тартты.
Бұл бап сталкингті жеке құқық бұзушылық ретінде тануда маңызды қадам, – деді ол.
Кітап мазмұны
Ал құқық қорғау саласының практик маманы, полиция подполковнигі Гүлмира Шрахметова жиі-жиі түсетін қоңыраулар мен хабарламалар адам үшін үнемі үрейлі жағдай екенін жеткізді. Аңду, жұмыс орнына немесе үйіне келу, әлеуметтік желілер арқылы бақылау – жай «мазалау» емес, адамның еркін өмір сүру құқығына төнетін қауіп екенін алға тартты.
Кітап соңында автор полиция қызметкерлері кеңесіне сүйеніп, сталкинг белгілерін тану, полицияға жүгіну реті көрсетілген нұсқаулық береді, – делінген ақпаратта.
Еңбектің түпкі идеясы не
Осылайша,“Көлеңке.115-1” кітабын көркем шығарма ғана емес, сталкингтен қорғануға іс жүзінде көмек болар бірден бір шығарма деп айтуға болады.
Еңбектің негізгі идеясы сол, әр адам өз өмірін еркін сүруге құқылы. «Көлеңке. 115-1» – жеке оқиға ғана емес, қоғамда ашық айтылуы тиіс маңызды мәселені көтеретін кітап. Тұсаукесері ертең Салтанат сарайында өтеді, – делінген аңдатпа ақпаратта.