Кеше ғана ата-анасының айтқанын тыңдап жүрген бала бір күні қырсығып, ашуланып, өз бөлмесіне ешкімді кіргізгісі келмейтін жасөспірімге айналады. Бұрын жақын болған ата-анасынан алыстап, достарына көбірек уақыт бөлгісі келеді. Неліктен? Бұл жай ғана өтпелі кезең бе, әлде баланың ішкі әлемінде әлдеқайда күрделі өзгерістер жүріп жатыр ма? Осы сұрақтарға психоанализ тұрғысынан жауап беретін «Жасөспірім шақтағы дерт» (Мишель Венсан) кітабының келесі бөліміндегі негізгі тұжырымдарға Tizgin.kz тілшісі шолу жасады.
Неге тілалғыш бала бір күнде қырсық болып шыға келеді
Жасөспірімдік кезең – балалық шақ пен ересек өмірдің арасындағы өтпелі уақыт. Бұл кезеңде баланың денесі ғана емес, ойлауы, сезімі, мінез-құлқы және айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы да өзгереді. Психоаналитиктер бұл өзгерістерді балалық шақта қалыптасқан психикалық құрылымдардың қайта ұйымдасуымен байланыстырады. Кеше ғана ата-анасына тәуелді болған бала енді өз бетінше шешім қабылдағысы келеді, бірақ бір жағынан еркіндікке ұмтылса, екінші жағынан әлі де ата-анасының қамқорлығы мен қолдауына мұқтаж.
Міне, осы қарама-қайшылық жасөспірімнің ішкі мазасыздығын күшейтуі мүмкін. Психоаналитикалық теорияда бұл кезең кейде «хаос», яғни ішкі ретсіздік кезеңі деп сипатталады.
Жасөспірімнің бөлмесін жинамауы, үй тапсырмасынан қашуы, ата-анасына қарсы сөйлеуі немесе бұрынғы әдеттерін өзгертуі осы ішкі күреспен байланысты болуы мүмкін. Дегенмен мұндай әрекеттердің бәрін бейсаналы қақтығыс деп қана түсіндіруге болмайды. Оларға жас ерекшелігі, отбасындағы қарым-қатынас, әлеуметтік орта және басқа да жағдайлар әсер етеді.
Жасөспірім неге өзін жазалауға бейім болуы мүмкін

Кітаптың бұл бөлімінде ерекше назар аударылатын ұғымдардың бірі – мазохизм. Күнделікті өмірде мазохизмді адамның азаптан ләззат алуы деп түсінеміз. Ал психоанализде оның мағынасы кеңірек қарастырылады.
Зигмунд Фройдтің түсіндіруінше, кейде адам бейсаналы түрде кінә сезімінің ықпалымен өзін жазалауға алып келетін жағдайларды қайта-қайта туындатуы мүмкін. Мысалы, жасөспірім ата-анасының талабын әдейі орындамайды. Соның салдарынан ұрыс естиді, жазаланады, кейін тағы сол әрекетін қайталайды.
Психоаналитикалық тұрғыдан мұндай мінез-құлықтың астарында жай ғана қарсылық емес, кінә сезімі мен жазалануға деген бейсаналы қажеттілік болуы мүмкін деген болжам жасалады. Қарапайым тілмен айтқанда, адамның ішінде өзін үнемі сынап, айыптап тұратын қатал дауыс қалыптасуы мүмкін. Ал жасөспірім сол ішкі айыптауды сыртқы әлемдегі дау-дамай арқылы қайта бастан кешіруі ықтимал. Дегенмен жанжалға жиі түсетін әрбір жасөспірімде мазохизм бар деген қорытынды жасау дұрыс емес.
Ата-анадан алыстау – оларды жақсы көрмей қалғаны ма
Жасөспірімдік шақтағы маңызды өзгерістердің бірі – баланың ата-анасына деген көзқарасының өзгеруі. Кішкентай кезінде бала ата-анасын ең ақылды, ең күшті және бәрін білетін адамдар ретінде қабылдауы мүмкін. Ал есейген сайын олардың да қателесетінін, әлсіз тұстары бар екенін байқай бастайды. Бұл кейде көңіл қалуға, ашулануға немесе ата-ананы сынауға әкеледі.
Психоаналитикалық теорияда мұндай өзгеріс баланың ата-анамен бұрынғы эмоционалдық байланысын қайта қарастыруы ретінде түсіндіріледі.
Жасөспірім енді өзінің кім екенін, қандай адам болғысы келетінін және өмірде қандай құндылықтарды ұстанатынын іздей бастайды. Осы кезде оның өмірінде достары, өзі ұнататын әншілер, спортшылар немесе басқа да беделді тұлғалар маңызды орын ала бастайды. Бұл міндетті түрде ата-анасын жақсы көрмей қалды деген сөз емес. Көбіне ол өзін жеке тұлға ретінде танып-білуге ұмтылады.
Бір баланың тарихы: агрессияның артында не жасырын тұрады

Кітапта Поль есімді баланың клиникалық тарихы баяндалады.
Ол алғаш рет психоаналитикке тоғыз жасында келген, себебі бала агрессивті мінез көрсетіп, теннис жаттығуында басқа оқушыны ракеткамен ұрған. Үйде де әпкесі мен інісіне қатыгездік танытқан.
Психоаналитик баламен және ата-анасымен жұмыс жүргізу барысында оның бойында мазасыздық пен қызғаныш сезімдері бар екенін байқаған. Бір күні Поль қорқынышты түсін айтып береді. Түсінде бөлмесіне екі құбыжық кіріп, өзін ұстап алмақ болады. Маман баладан құбыжықтарды салуды сұрайды. Суреттегі бір құбыжықтың 25 тісі бар екен. Поль өз сыныбында да 25 бала оқитынын айтады. Психоаналитик бұл түсті баланың сыныптастарына деген агрессиясымен, ал одан тереңірек деңгейде бауырларына деген қызғанышымен байланыстырған.
Кейін отбасында бірнеше ауыр оқиға болғаны анықталады. Польдің атасы қайтыс болған, анасы қатерлі ісікпен ауырған және депрессияны бастан кешірген. Осының бәрі отбасындағы эмоциялық тұрғыда ауыр жағдайға ұласуына әсер еткен. Терапиялық жұмыстан кейін баланың агрессивті мінез-құлқы бәсеңдеген.
Бұл оқиғада психоаналитик баланың мінез-құлқын тек тәртіп бұзу ретінде емес, оның ішкі сезімдері мен отбасылық қатынастары аясында түсінуге тырысқан.
«Маған сеніңдер»: жасөспірімнің ата-анасымен күресі
Бірнеше жылдан кейін Поль қайтадан психоаналитикке келеді. Бұл жолы ол жасөспірімдік кезеңге аяқ басқан еді. Бала бұрынғыдан да қырсық болып, ата-анасымен жиі ұрысатын. Үй тапсырмасын орындағысы келмейтін, бос уақытын тек достарымен өткізуді қалайтын. Ал ата-анасы оған толық еркіндік беруге дайын болмаған. Польдің басты талабы — ата-анасының өзіне сенуі. Бұл жағдай көптеген отбасына таныс. Ата-анасы баласының қауіпсіздігі үшін бақылауды күшейткісі келеді. Ал жасөспірім сол бақылауды өзіне сенбеу, жеке шекарасын бұзу ретінде қабылдауы мүмкін. Сөйтіп, бір тарап қамқорлық жасап жатырмын деп ойласа, екінші тарап өзін шектелгендей сезінеді. Польмен жүргізілген терапия барысында оның ата-анасына деген ашуы ғана емес, жақындыққа, түсіністікке және қабылдануға деген қажеттілігі де байқалған.
Баланың қолымен ойнауы нені білдірді

Психоаналитикпен жеке қалған кезде Поль ұзақ уақыт үндемей отырады, бірақ оның қолдары бір-бірін ұрып, екі адамның төбелесін бейнелей бастайды. Маман осы қимылға назар аударғанда, Поль ойдан оқиға құрастырады. Онда Мари, Антуан және Леопольд есімді үш кейіпкер бар. Олардың арасында қызғаныш, құпия және жанжал туындайды.
Кейін бала бұл кейіпкерлерді өзінің туыстары және досымен байланыстырады. Психоаналитик мұндай қиялдағы оқиғалар арқылы баланың тікелей айтып жеткізе алмайтын сезімдері көрінуі мүмкін деп есептейді. Мысалы, қызғаныш, бәсекелестік, ашу, жақын адамынан айырылып қалу қорқынышы.
Бұл психоанализдегі маңызды ұстанымдардың бірін көрсетеді: адам кейде өз сезімін сөзбен емес, ойын, қимыл, түс немесе қиял арқылы білдіреді. Дегенмен бір қимылдың немесе түстің барша адамға ортақ нақты мағынасы жоқ. Оларды адамның жеке тәжірибесі мен жағдайын ескере отырып түсіну қажет.
Жасөспірімдік шақтың үш маңызды кезеңі
Автор жасөспірімдік кезеңдегі психикалық өзгерістерді үш позиция арқылы сипаттайды.
Біріншісі – хаос. Бұл кезеңде балалық шақтағы бұрынғы психикалық тепе-теңдік бұзылады. Жасөспірім ашуланшақ, қырсық, тұрақсыз болуы мүмкін. Ол бұрынғы ережелерге қарсы шығып, өз шекарасын анықтауға тырысады.
Екіншісі – депрессивті-нарциссистік позиция. Жасөспірім өзіне көбірек көңіл бөледі. Оның сыртқы келбеті, өзгелердің пікірі, өзінің құндылығы мен тартымдылығы маңызды бола бастайды. Ол «Мен кіммін?», «Мен қандай адаммын?», «Мені басқалар қалай қабылдайды?» деген сұрақтарға жауап іздейді.
Үшіншісі – объектіні қайта ашу. Жасөспірім ата-анасынан тыс адамдармен эмоциялық тұрғыда байланыс орната бастайды. Достық, ғашықтық, жақын қарым-қатынас және басқа адамның сезімін түсіну маңызды орын алады.
Бұл үш позицияны барлық жасөспірім міндетті түрде бірдей ретпен өтетін нақты сатылар деп қабылдауға болмайды. Олар – автор ұсынған психоаналитикалық түсіндіру моделі.
Неге жасөспірім үшін махаббат пен достық ерекше маңызды
Жасөспірімдік кезеңде адам тек өзін ғана емес, өзінен бөлек басқа адамды да түсінуді үйренеді. Бала кезінде ол көбіне ата-анасының сүйіспеншілігіне сүйенсе, енді өзара сезімге негізделген қарым-қатынас құруға ұмтылады. Осы кезде алғашқы ғашықтық, қызғаныш, қабылданбай қалудан қорқу және достықтағы реніштер ерекше ауыр сезілуі мүмкін.
Автордың пікірінше, жасөспірімдік дамудың маңызды міндеттерінің бірі – өз қажеттіліктерімен қатар басқа адамның да сезімдері мен тілектерін ескере алу, яғни сүйіспеншілік тек біреуді иеленуге немесе оның назарын алуға ұмтылумен шектелмейді. Ол басқа адамның дербестігін мойындауды да талап етеді.
Ата-ананың билігіне қарсы шығу – есейудің белгісі ме
Кітаптың соңында автор жасөспірімдік кезеңге тән қарсылықты әлем әдебиеті мен бейнелеу өнеріндегі махаббат оқиғалары арқылы түсіндіреді.
Соның бірі – ежелгі Рим ақыны Овидий баяндаған Пирам мен Фисбаның қайғылы махаббат тарихы. Бір-бірін сүйген екі жас ата-аналарының қарсылығына қарамастан бірге болуға ұмтылады. Олар отбасылық шектеулерден босап, өз тағдырын өздері шешкісі келеді, алайда олардың махаббаты қайғылы аяқталады.

Бұл оқиға кейін Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясына да ықпал еткен. Автор осы шығармалар арқылы жасөспірімдік кезеңдегі маңызды қайшылықты көрсетеді: бір жағынан, жас адам еркіндік пен дербестікке ұмтылады, екінші жағынан, оның сезімдері әлі де өте қарқынды әрі тұрақсыз болуы мүмкін.
Ата-ананың талабына қарсы шығу әрдайым оларды жек көруді білдірмейді. Кейде бұл жасөспірімнің өз өміріне жауапкершілік алуға, жеке шешім қабылдауға және өз орнын табуға ұмтылуымен байланысты.
Жасөспірімге тыйым емес, түсіністік қажет

Кітапта қарастырылған Польдің оқиғасы ата-ана мен бала арасындағы жанжалды тек тәртіп мәселесі ретінде бағалау жеткіліксіз болуы мүмкін екенін көрсетеді. Жасөспірімнің ашуының артында қызғаныш, көңіл қалу, қабылдануға деген қажеттілік, қорқыныш немесе дербестікке ұмтылыс жатуы ықтимал. Ата-ананың міндеті – баланың әрбір талабын орындау да, оның барлық қарсылығын жазалау да емес. Маңыздысы – жасөспірімнің сезімін түсінуге тырысып, сонымен бірге қауіпсіз әрі түсінікті шекараларды сақтау.
Польдің клиникалық тарихында психоаналитик баланың агрессиясын бірден тоқтатуға ғана емес, сол агрессияның психикалық мағынасын түсінуге назар аударған. Терапия барысында бала өз сезімдерін біртіндеп сөзбен жеткізуге мүмкіндік алған. Ал ата-анасы оның мінез-құлқының астарында қандай ішкі қайшылықтар болуы мүмкін екенін түсіне бастаған.
Жасөспірімдік дағдарыс – балалық шақпен қоштасу
«Жеткіншек жасқа қадам басу» бөлімінің негізгі ойы – жасөспірімдік кезең тек физиологиялық жетілу емес, адамның ішкі әлемінің күрделі қайта құрылуы. Бұл уақытта бала бұрынғы тәуелді қарым-қатынастардан біртіндеп алыстап, өзінің жеке тұлғалық болмысын қалыптастыруға ұмтылады. Ол ата-анасын бұрынғыдай мінсіз көрмеуі мүмкін. Өзінің сыртқы келбетіне алаңдайды, достарының пікіріне мән береді, ғашық болады, қызғанады, кейде ашуға бой алдырады.
Психоаналитикалық көзқарас бойынша, осы өзгерістер барысында адамның балалық шақтағы бейсаналы қақтығыстары қайта жанданып, жаңа сипат алуы мүмкін. Ал есеюдің маңызды нәтижелерінің бірі – өз сезімдерін түсіну, оларды реттеуді үйрену, басқа адамдардың дербестігін мойындау және жақын қарым-қатынас құра алу.
Жасөспірімдік кезеңнің басты мақсаты ата-анадан толықтай алыстау емес, олармен қарым-қатынасты жаңа, анағұрлым ересек деңгейде құру, сондықтан жасөспірімнің әрбір қарсылығын тәрбиесіздік деп қабылдамай, оның нені білдіруге тырысып жатқанын түсіну маңызды. Өйткені кейде баланың «Мені жайыма қалдырыңдар!» деген сөзінің астарында «Маған сеніңдер, мені түсінуден бас тартпаңдар» деген қажеттілік жатуы мүмкін.
Кітаптың басқа бөлімдері
Еске салсақ, бұған дейін жасөспіріммен терапия өткізудегі мақсат – диагноз қою емес, түсіну екені туралы жаздық.
Сондай-ақ, психоаналитик Мишель Венсанның «Жасөспірім шақтың дерті» кітабы бойынша жасөспірімдерді психологиялық тұрғыда емдеудің ерекше тәсіліне тоқталып өттік.
Сонымен қатар, аталған кітап бойынша балаға мінсіз ата-ана емес, «жеткілікті жақсы» ата-ана керек екенін түсіндірдік.
Сондай-ақ, әке бейнесі баланың психикасына қалай әсер ететіні туралы жаздық.
Мына сілтемеге өтіп, жасөспірім психикасында қандай өзгерістер жүретіні туралы оқыңыз.