Коммуналдық желілерді жаңғырту зауыттарды қалай жұмыспен қамтып жатыр

Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту Қазақстанда 2029 жылға дейін шамамен 2 триллион теңгелік жабдық пен материалдарға сұраныс қалыптастыруда. 14 қазанда Астанада өткен «Power Trends 2026» форумында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы үшін жабдықтарды локализациялау және отандық өндірісті дамыту бойынша алты шарт пен келісімге қол қойылды, деп хабарлайды modernization.kz.
Тапсырыстар «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қалыптастырылады. Ұлттық жоба бойынша 2025 жылы 6 659 километр инженерлік желі жаңартылса, 2026 жылы 12 мың километрді жаңғырту жоспарланған. Алдағы жұмыстар үшін құбырлар, кәбілдер, трансформаторлар, сорғылар және басқа да жабдықтар қажет болады. Бұл ретте ЭКСЖ жобаларының өнім берушілері арасында отандық тауар өндірушілердің үлесін 2029 жылға қарай 60%-ға дейін жеткізу көзделген.
Қазақстан өнеркәсібіне арналған мүмкіндіктер туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков айтып берді.
«Әрине, кез келген құрылыс жобаларын іске асыру тауар өндірушілерге нарықтағы өз орнын нығайтуға, жаңа бағыттарды меңгеруге, сондай-ақ тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің сапасын арттыруға қосымша мүмкіндік береді. Қарапайым тілде айтқанда, біз осы құрылыстардың төңірегінде өзіміздің отандық өндірістеріміз дамуы тиіс екенін түсінеміз», – деді Олжас Сапарбеков.
ЭКСЖ электрондық платформасында 100 млрд теңгеге жуық соманы құрайтын 88 жоба бойынша материалдар мен жабдықтарға деген қажеттілік орналастырылып қойды. Оның ішінде 15 млрд теңгеден астам қаражат болот құбырлар мен фасонды бұйымдарға, 3 млрд теңгеге жуығы кәбіл өнімдеріне, 2,8 млрд теңгесі полиэтилен құбырларға және 2,7 млрд теңгесі электротехникалық жабдықтарға тиесілі. Жаңа жобалар сараптамадан өткен сайын сатып алу көлемі де арта түседі.
Платформада екі мыңнан астам тапсырыс қалыптастырылып, мыңнан астам баға ұсынысы түсті. Степняк қаласындағы су құбырын қайта жаңартуға Саран қаласынан болат құбырларды, Ақмола облысының электр желілері үшін жиынтықты трансформаторлық қосалқы станцияларды және Қостанай облысының жылу желілері үшін құбыржолдарды жеткізуге келісімшарттар жасалып қойды.
«ТКШ Қазорталығының» қатысуымен өткен форумда отандық өндірісті дамыту бойынша алты шарт пен келісімге қол қойылды. Оның екеуі «ТЭМПО-Қазақстан» кәсіпорны мен Павлодар құбыр прокаттау зауытында Qarmet металл прокатынан құбырлар жасауды көздейді. Тағы үш келісім «Стальцинк», Қазақстан арматура-изолятор зауыты, DSO Partner және Alageum Electric компанияларының қатысуымен металл өнімдерін, арматураларды, оқшаулағыштарды және электротехникалық жиынтықтауыштарды шығарудағы өндірістік кооперацияға, соның ішінде Ensto өнімдерін кезең-кезеңімен локализациялауға қатысты. Алтыншы келісім отандық металл өнімдерін құрылыс компаниялары арасында ілгерілетуге бағытталған.
Өндірушілер ЭКШЖ платформасында материалдарға деген қажеттілікті алдын ала зерделеп, өз ұсыныстарын дайындай алады. Сатып алуларға Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміндегі кәсіпорындар жіберіледі, оларға баға ұсыныстарын беру үшін екі жұмыс күні беріледі.
ТКШ Қазорталығының басқарма төрағасы Нұрлан Солтамбековтің айтуынша, техникалық оператор жобалық құжаттаманы талдайды, импорттық материалдарды отандық баламалармен алмастыру мүмкіндіктерін айқындайды және қазақстандық кәсіпорындармен өзара іс-қимылды ұйымдастырады.
Жаңа өнімді меңгеру үшін офтейк-келісімшарттар механизмі де дамып келеді. Мұндай шарттар өндірушілерге болашақ тапсырыстар бойынша жабдықтар шығаруды алдын ала жоспарлауға, қуаттылықтарды кеңейтуге және ел ішінде өндірістік байланыстарды жолға қоюға мүмкіндік береді.
