$ 450.62 € 504.20 ₽ 5.36
TOP-2Жаңалықтар

Қазақстанда ең төменгі жалақы өсе ме – Жұманғариннің жауабы

Қазақстанда ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі Үкімет пен Президент әкімшілігі деңгейінде талқыланып жатыр. Алайда оны арттыруға бюджетте әзірге қаржы қарастырылмаған. Құрылтайдағы брифингте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осылай деді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Шешім қабылданса, жалақы келесі жылдан өседі

Журналистердің сұрағына жауап берген Жұманғарин ең төменгі жалақыны арттыру жөніндегі талқылаудың нәтижесі жақын арада белгілі болуы мүмкін екенін айтты.

«Қазір талқылау Үкімет пен Президент әкімшілігі деңгейінде жүріп жатыр. Сондықтан нәтижесі жақын арада белгілі болады деп ойлаймын. Егер көтерілсе, келесі жылдан бастап көтеріледі», – деді министр.

Оның сөзінше, ең төменгі жалақыны арттыру қарастырылып жатқанымен, бюджетте оған әзірге қаражат көзделмеген. Түпкілікті шешім қабылданған жоқ.

«Бұл – салдары елеулі болатын маңызды мәселе. Сондықтан мұндай шешімдерді жан-жақты саралап қабылдау қажет», – деді Жұманғарин.

Қазір ең төменгі жалақы – 85 мың теңге

Қазақстанда 2026 жылы ең төменгі айлық жалақы мөлшері 85 мың теңге болып белгіленген.

Жұманғарин ықтимал өсімнің нақты мөлшерін атаған жоқ. Сондықтан 2027 жылы ең төменгі жалақының қанша болатыны әзірге белгісіз.

Back to top button