ЕрекшеЖаңалықтар

Шымкентте әкімнің орынбасарлары ауысып жатыр: Берденовтің кеткені рас па

БАҚ-та оқтан жараланған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов қызметінен кеткені жөнінде ақпарат тарады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Шымкентте бүгін ауыс-түйіс болып жатыр. 

Президенті әкімшілігінің келісімімен және қала әкімінің өкімімен Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына Айдын Мейрамбекұлы Кәрімов тағайындалған.

КӘРІМОВ ЖАЙЛЫ

Айдын Мейрамбекұлы 1988 жылғы 1 қаңтарда Семей қаласында туылған, қазақ, білімі жоғары. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Қазақ қаржы-экономикалық академиясын және КАЗГЮУ университетін бітірген, мамандығы бойынша біліктілігі – Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, қаржы, халықаралық құқық. Еңбек жолын 2006 жылы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Есеп техникасы, телекоммуникация, информатика және жағдайлық талдау орталығы» желілік техника қызмет көрсету бөлімінің жетекші маманы болып бастаған.

2007-2016 жылдары «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамында, Астана қаласы әкімі аппаратының бөлім басшысы, Семей қаласы әкімінің көмекшісі, Қазақстан Республикасы экономикалық даму және сауда министрлігінде бас сарапшы, Қазақстан Республикасы экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде басқарма басшысы, Халықаралық экономикалық интеграция департаменті директорының орынбасары.

2016-2017 жылдары Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің Кеңсесі Сыртқы байланыстар және протокол бөлімінің меңгерушісі-Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі протоколының бастығы.

2019-2022 жылдары Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің Кеңсесі Басшысының орынбасары.

2022-2023 жылдары Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымында қызмет атқарды.

2023 жылғы қыркүйек айынан бастап осы күнге дейін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болды. Осыған дейін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары болған Қуаныш Жұмабекұлы Асылов басқа қызметке ауысуына байланысты босатылды.

СӘБИТОВ ЖАЙЛЫ

Президенті Әкімшілігінің келісімімен және қала әкімінің өкіміне сәйкес, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымына Арман Сәбитұлы Сәбитов тағайындалған.

Арман Сәбитұлы 1984 жылғы 20 сәуiрде Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласында туылған, қазақ, білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін және Қазтұтыну одағы Қарағанды экономикалық университетін бітірген, мамандығы бойынша біліктілігі – қаржы және несие, құқықтану: экономика саласын құқықтық реттеу Еңбек жолын 2004 жылы Алматы қаласында «Азаматаудит» ЖШС аудитордың ассистенті болып бастаған.

2008-2012 жылдары жеке секторда басшылық қызметтер атқарды. 2011-2016 жылдары Алматы қаласы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі. 2016-2017 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2017-2018 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы, 2018-2019 жылдары Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы, 2019-2020 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болған. 2020-2023 жылдары Түркістан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

2023 жылдың маусым айынан бастап 2025 жылдың 7 тамызына дейін Түркістан облысы Сайрам ауданының әкімі қызметін атқарды.

Tizgin.kz порталы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшысынан Руслан Берденовтің қызметтен кеткен-кетпегенін сұраған. Мақпал Рысбаева бұдан хабарсыз екенін айтып, кадр бөлімінен анық-қанығын сұрап біліп, ақпарат беретінін уәде етті.

Back to top button