$ 450.62 € 504.20 ₽ 5.36
Экономика

Қазақстан 2027 жылы 30 трлн теңгеден астам қаржы жұмсамақ: ақша қайда бағытталады

Құрылтай 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Үкімет келесі жылы 30,2 трлн теңге жұмсауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

14 қазанда Құрылтайдың жалпы отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев алдағы үш жылға арналған бюджеттің негізгі көрсеткіштерін таныстырды.

Министрдің мәліметінше, 2027 жылы республикалық бюджеттің кірісі 25,4 трлн теңге, шығысы 30,2 трлн теңге болады деп жоспарланған. Бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңгені құрайды.

Әлеуметтік салаға 10,5 трлн, өңірлерге 7,4 трлн теңге

2027 жылы адами капиталға 10,5 трлн теңге бөлінбек. Бұл республикалық бюджет шығыстарының шамамен 35 пайызына тең.

Қаржы министрінің айтуынша, аталған қаражат азаматтардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын дамытуға жұмсалады.

«Бірінші және ең басым бағыт – адамға тартылатын инвестициялар. Бұл шығыстар – стратегиялық инвестициялар. 2027 жылы адами капиталға 10,5 трлн теңге немесе жалпы бюджеттің 35 пайызы қарастырылған», – деді Мәди Тәкиев.

Атап айтқанда, әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға 6,9 трлн теңге, денсаулық сақтау саласына 2,5 трлн теңге көзделген.

Медициналық қызметтерге бөлінетін қаражат тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз етуге, дәрі-дәрмек сатып алуға және медициналық сақтандыру жүйесін қаржыландыруға бағытталады.

Министр бюджеттен қаржы бөлудің өзі жеткіліксіз екенін, ең бастысы халық денсаулығының нақты көрсеткіштерін жақсарту екенін атап өтті.

Білім және ғылым саласында да бірқатар міндет белгіленген. Жоспар бойынша 18 мың бала сауықтыру шараларымен қамтылады, 76 мың педагогтің кәсіби біліктілігі арттырылады. Сонымен қатар 217 «Келешек мектебінде» білім сапасын көтеруге арналған әдіснама әзірленбек.

Ал 2027 жылы ғылымдағы жаңа жобаларды қаржыландыруға 60,4 млрд теңге бөлінбек. Бұл 2026 жылмен салыстырғанда 18,4 млрд теңгеге көп.

Бұдан бөлек, республикалық бюджеттен өңірлерді қолдауға 7,4 трлн теңге бағыттау жоспарланған. Бұл жалпы шығыстардың шамамен төрттен бір бөлігі.

Мәди Тәкиевтің айтуынша, қаражат әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға жұмсалады.

«Басты міндет – халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Бұл ретте өңірлерді қолдау республикалық бюджеттен берілетін трансферттермен ғана шектелмейді. Өңірлердің меншікті қаржылық мүмкіндіктері де кеңейіп келеді», – деді министр.

Оның мәліметінше, 2020–2025 жылдары жергілікті бюджеттерге жалпы сомасы 7,2 трлн теңгені құрайтын салықтар мен төлемдердің алты түрі берілген. Ал 2026 жылдан бастап тағы алты түрлі төлем қарастырылған.

Бұл жергілікті бюджеттердің кірісін шамамен 100 млрд теңгеге арттыруға мүмкіндік бермек.

Экономикаға 3,7 трлн теңге: Ұлттық қор есебінен 347 жоба іске асады

2027 жылы экономиканың нақты секторын дамытуға 3,7 трлн теңге бөлінеді. Бұл 2026 жылмен салыстырғанда 600 млрд теңгеге көп.

Қаржы негізінен көлік инфрақұрылымына, ауыл шаруашылығына, өнеркәсіпке, кәсіпкерлікке және цифрлық жобаларға бағытталмақ.

Атап айтқанда, автомобиль өткізу пункттері мен шекара бөлімшелерін салуға 447 млрд теңге, республикалық автомобиль жолдарына 105 млрд теңге қарастырылған.

Агроөнеркәсіптік кешен жобаларын қолдауға 372 млрд теңге, ал осы саланы қаржыландыратын даму институттарын капиталдандыруға 200 млрд теңге бөлінбек.

Өнеркәсіп пен құрылыс саласын, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға 411 млрд теңге көзделген.

Алдағы үш жылда Ұлттық қор қаражаты есебінен 347 стратегиялық жобаны іске асыру көзделген.

Олар төрт негізгі бағытты қамтиды: көлік және логистика, әлеуметтік инфрақұрылым, энергетика және су ресурстары.

«Барлық бюджеттік инвестициялық жобалар басымдықтарына қарай таңдалды. Алдағы үш жылда Ұлттық қор қаражаты есебінен 347 стратегиялық жобаны іске асыру көзделген», – деді Мәди Тәкиев.

Министрдің мәліметінше, бұл жобалар жүзеге асса, шамамен 31 мың жұмыс орны ашылып, 13 миллионға жуық адамның өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік туады.

Қауіпсіздік пен мемлекеттік басқару

2027 жылы қауіпсіздікке, мемлекеттік басқаруға және резервтерге жалпы 4,9 трлн теңге қарастырылған. Оның 3,3 трлн теңгесі күштік құрылымдарға, ал 787 млрд теңгесі мемлекеттік басқаруға бағытталмақ.

Осылайша, Үкімет 2027 жылғы бюджетте әлеуметтік міндеттемелерді орындауды, өңірлерді қолдауды және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруды негізгі басымдық ретінде белгілеп отыр.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button