$ 450.62 € 504.20 ₽ 5.36
БілімЖаңалықтар

Алматыда 48 оқушы ауруханаға жатқызылды: материалдар полицияға жолданды

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің 48 оқушысы ішек инфекциясын жұқтырып, ауруханаға жатқызылды. Оқиғадан кейін мектептің асханасы тексеріліп, бірқатар санитариялық талаптың бұзылғаны анықталды. Мектеп пен асхананың жұмысын уақытша тоқтату туралы қаулылар шығарылды, деп хабарлайды Tizgin.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Мектеп асханасынан қандай заңбұзушылықтар анықталды

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, оқушылар арасында ішек инфекциясы тіркелгеннен кейін кешенді санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйымдастырылған.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мамандары мектепте тамақтандыру қызметін көрсететін «Master Food» ЖШС-нің ас блогын тексерген. Тексеру барысында азық-түлікті сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтандыруды ұйымдастыру талаптарының бұзылғаны белгілі болды.

Инфекцияның нақты қайдан таралғанын анықтау үшін су мен азық-түлік өнімдерінен сынамалар алынып, түрлі беткейлерден шайынды үлгілері жиналған. Сондай-ақ асхана қызметкерлері медициналық тексеруден өткізілген. Қазіргі уақытта зертханалық зерттеулер жалғасып жатыр. Инфекцияның нақты көзі әзірге анықталған жоқ.

Мектеп пен асхананың жұмысына шектеу қойылды

Тексеру нәтижесінде санитариялық талаптардың бұзылуына байланысты бес қаулы шығарылды.

Олар мектеп пен асхана қызметін уақытша тоқтатуды, жекелеген тағамдарды сатуға тыйым салуды, уақытша санитариялық шаралар енгізуді және қажетті ілеспе құжаттары жоқ сүт өнімдерін айналымнан алуды көздейді.

Сонымен қатар мектеп-интернат ғимаратында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. Науқастармен байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынды. Ал кейбір балалар инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында интернатта профилактикалық оқшаулауға орналастырылды.

48 оқушы ауруханаға жатқызылды: олардың жағдайы қандай

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 14 қазандағы жағдай бойынша ішек инфекциясын жұқтырудың 48 дерегі тіркелген.

Науқастардың барлығы ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр. Қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде емделуді қажет ететін науқастар жоқ.

Тексеру қорытындысы бойынша жиналған материалдар заңнамада белгіленген тәртіппен қаралып, тиісті процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды.

Министрлік тамақтандыру саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге санитариялық талаптарды қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Атап айтқанда, азық-түлікті тексерілген жеткізушілерден сатып алу, өнімдерді сақтау және дайындау талаптарын орындау, қажетті рұқсат құжаттарының болуы және қызметкерлердің медициналық тексеруден уақытылы өтуі міндетті екені атап өтілді.

Қазіргі уақытта жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Оқушылардың ауруға шалдығу себептерін анықтау, инфекцияның таралуына жол бермеу және балалардың денсаулығын қорғау мақсатында эпидемиологиялық тергеу жалғасып жатыр.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button