Көктайғақ, -11 градус суық: Алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
«Қазгидромет» 15, 16 және 17 қазан күндеріне арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қай өңірде қар жауады
Синоптиктер мәліметінше, алдағы бірнеше күнде республика бойынша жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болып, жел екпіні күшеюі мүмкін. Кей өңірде ауа температурасы -11 градусқа дейін суытады.
15-17 қазан аралығында елдің басым бөлігінде атмосфералық фронттар өтуінен жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болады деп болжанады. 15 қазанда елдің шығысы мен оңтүстік-шығысында кей жерлерде қатты жауын-шашын, ал шығыста көктайғақ күтіледі.
Күн суытатын өңірлер
Қазақстанның солтүстігінде түнде температура -3…-8 градусқа дейін төмендейді. 17 қазаннан бастап күн 0…+8 градусқа дейін жылынады деп күтіледі. Күндіз температура +7…+12 градус болады.
- Қостанайда түнде -1…-6 градус, күндіз +10…+17 градус болады деп болжанады, кейіннен температура сәл төмендейді.
- Елдің шығысында сынап бағанасы түнде -3-тен -11 градусқа дейін суытады. Күндіз температура негізінен +3…+12 градус, ал облыстың шығысында -2 градусқа дейін төмендеуі ықтимал.
- Қарағанды өңірінде түнде -1-ден -8 градусқа дейін, өңірдің оңтүстігінде +3 градус шамасында болады деп болжанады. Күндіз ауа райы +10…+15 градусқа дейін жылынады.
Батыста күн жылы
Елдің батысында түнде +7…+15 градус, күндіз +17…+25 градус күтіледі. Ақтөбе облысында түнде +1…+6 градус, ал өңірдің солтүстігі мен шығысында -1…-3 градус болады деп болжанады. Күндізгі температура +15…+23 градус шамасында құбылады.
- Елдің оңтүстігінде түнде +2…+10 градус, күндіз +15…+25 градус күтіледі.
- Оңтүстік-шығыс аймақтарда түнде ауа температурасы 0…+8 градус, таулы аймақтарда -2-ден -7 градусқа дейін төмендейді.