Қазақстанда қатерлі ісікті анықтау мен емдеу тәртібі өзгереді
Қазақстанда онкологиялық және гематологиялық көмек көрсету стандарттарына өзгерістер енгізілді. Жаңа талаптар қатерлі ісікті диагностикалау, науқастарды емдеуге жолдау және мамандандырылған медициналық көмекті ұйымдастыру тәртібін қамтиды. Тиісті бұйрық 2026 жылғы 23 қазанда күшіне енеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қатерлі ісікті анықтауға 14 жұмыс күні беріледі
Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы 2 қазанда қол қойған бұйрыққа сәйкес, елімізде онкологиялық көмекті ұйымдастыру тәртібі нақтыланды. Енді қатерлі ісіктің түрін анықтау және науқасқа жеке емдеу тәсілін таңдау үшін иммуногистохимиялық және молекулалық-генетикалық зерттеулер жүргізіледі.
Иммуногистохимиялық зерттеудің мерзімі материал алынған күннен бастап емес, зертханаға түскен күннен бастап 14 жұмыс күнінен аспауы тиіс. Оның қорытындысы медициналық цифрлық жүйеге енгізіліп, пациентті зерттеуге жолдаған ұйымға жіберіледі. Сонымен қатар, науқасты мамандандырылған онкологиялық орталыққа жіберу кезінде дәрігерлер комиссиясының шешімі цифрлық жүйе арқылы рәсімделеді.
Онкологиялық орталықтарда диагностика, химиотерапия, сәулелік терапия және хирургиялық емдеу бөлімшелері қарастырылады. Қажеттілігіне қарай ядролық медицина, оңалту және паллиативтік көмек бөлімшелері де ұйымдастырылады.
Онкологиялық науқастарды емдеу тәртібі нақтыланды
Жаңа ережелер бойынша онкологиялық көмекті республикалық деңгейде мамандандырылған медициналық ұйымдар мен референс-орталықтар үйлестіреді. Өңірлерде бұл міндет жергілікті денсаулық сақтау органдары белгілеген ұйымдарға жүктеледі.
Сәулелік терапия жүргізу кезінде «бір дәрігер – бір пациентті жүргізу» қағидаты қолданылады. Яғни науқасты емдеуге дайындау мен сәулелік емдеу процесін бір радиациялық онколог жүргізеді. Сондай-ақ, алғаш рет қатерлі ісік диагнозы қойылған әрбір пациентке динамикалық бақылау құжаттары рәсімделеді.
Гематологиялық көмек көрсетуге де өзгерістер енгізілді
Бұйрықта ересектерге гематологиялық көмек көрсету тәртібі де жаңартылған. Атап айтқанда, таргеттік терапия немесе жоғары технологиялық медициналық көмек қажет болған жағдайда дәрігер-гематолог жоғары деңгейдегі мамандандырылған орталыққа сұрау жолдайды. Сұрауда пациенттің диагнозы, жүргізілген зерттеулер, бұрын қабылдаған емі және оның нәтижелері көрсетілуі тиіс.
Төртінші деңгейдегі гематологиялық орталық мамандары бес жұмыс күні ішінде қорытынды беруге міндетті. Олар ұсынылған емдеу бағдарламасын мақұлдайды немесе бас тарту себептерін түсіндіріп, балама емдеу тәсілдерін ұсынады.
Жаңа талаптар онкологиялық және гематологиялық көмекті үйлестіруді, медициналық ұйымдар арасындағы ақпарат алмасуды және емдеу шешімдерін рәсімдеуді реттеуге бағытталған.
Өзгерістер 2026 жылғы 23 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.