$ 450.62 € 504.20 ₽ 5.36
Жаңалықтар

“Бәрі де көмегін аямады”: Каспийде аман қалған сарбаздың анасы ауруханадағы естелігін бөлісті

Маңғыстауда 14 сарбаз қайтыс болған кезде аман қалған Ақжол Темірханның анасы Самал Кеуелова сол кезде ажал аузынан қалған үш сарбаздың ауруханада жатқан сәттегі фотосуретін жариялады. Ол үш-төрт күн ішінде Ақжолдың ғана емес, Бекет пен Никитаның да анасы болғанын жазып, сол кезде үлкен қолдауға ие болғанын хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.

Самал Кеуелова сол кезде ағайын-туыстан бөлек, Ақжолдың Астанадағы группаластары, өздерін бұрын-соңды танымаса да, жанашырлық танытқан жандар, тіпті аурухана қызметкерлері де сәлемдемелерін беріп, қолдан келген көмектерін аямағанын жеткізді.

Самал Кеуелованың парақшасынан

“Келіп жатқан тамақтың да, көңілдің де шегі болмады… Бірі тамақ әкелсе, бірі хабарласып жағдайымызды сұрап, бірі үнсіз ғана қолдауын білдіріп жатты. Әрқайсысының жасаған жақсылығы сол сәтте біз үшін баға жетпес еді. Сол күндері бір нәрсені терең түсіндім: қиындықта адамның кім екені емес, жүрегінің қандай екені көрінеді. Бізді жалғыз қалдырмаған, уайымымызды бөліскен, балаларымызға жанашырлық танытқан баршаңызға мың алғыс! Алла әрқайсыңыздың жақсылығыңызды еселеп қайтарсын! Отбасыларыңыз аман, балаларыңыздың қызығын көріп, ешқашан осындай сынаққа тап болмасаңыздар екен. Рақмет сіздерге! Жақсылықтарыңыз жүрегімізде мәңгі сақталады”, – дейді ол.

Ақжол Темірхан сол қайғылы күні аман қалған үш сарбаздың бірі. Мемлекет басшысының жарлығымен әскери борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Ақжол Темірхан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған еді.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Samal (@samal_keuelova)

Каспийдегі трагедия

24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.

Бас прокуратура іс бойынша күдікті лауазымды адамдар анықталғанын хабарлады. 25 күні таңертең соңғы екі әскери қызметкердің денесі табылды.

Осы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі ахуалды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрды. 

Back to top button