Қорғаныс министрлігінің 50 әскери бөлімін аудиторлар жаппай тексеріп жатыр
Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Қаржы министрі Мәди Тәкиев Қорғаныс министрлігінде жүргізілген бұған дейінгі тексерістер кезінде бірқатар қаржылық бұзушылық анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әскерге бөлінген қаржы қалай бақыланады
Үкімет отырысында Tizgin.kz тілшісі Қаржы министрі Мәди Тәкиевтен Қорғаныс министрлігіне бөлінетін бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қалай бақылайтыны жайлы сұрады.
Министрдің айтуынша, бюджет қаражаты мемлекеттік органдардың қажеттіліктері мен жоспарланған бағдарламаларына сәйкес бөлінеді. Ал оның тиімді пайдаланылуы кейін аудит арқылы тексеріледі.
«Біз бюджетті жоспарлаған кезде қандай заттар қажет, қандай бағдарламалар бар – соның бәрін ескереміз. Оның тиімділігін де өзіміз тексереміз. Қаржы министрлігінде ішкі мемлекеттік аудит комитеті бар. 2023 жылы тексеріс болды. 2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша да тексеріс жүргізілді. Ол жақта да бірталай бұзушылық анықталды. Бұл туралы есеп бергенбіз», – деді Мәди Тәкиев.
50 әскери бөлімде тексеріс жүріп жатыр
Қаржы министрінің сөзінше, Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды тексеру үшін құрылған комиссияның құрамына Қаржы министрлігінің өкілдері де кірген.
Ведомство осы жұмысқа 61 аудитор бөлген. Қазір олар 50 әскери бөлімде тексеріс жүргізіп жатыр.
«Бүгінде 50 әскери бөлімде тексеріс болып жатыр. Соның нәтижесін көреміз. Әлі уақытымыз бар. Тексеріс аяқталған соң хабарын береміз», – деді министр.
Мәди Тәкиев аудит барысында бөлінген қаражат жұмсалғанымен, қажетті жабдықтар жеткізілмегені анықталса, тиісті материалдар басқа құзыретті органдарға жолданатынын айтты.
«Егер аудит қаржы жұмсалып, бірақ қажетті жабдық жеткізілмегенін анықтаса, материалдар басқа құзыретті органдарға жіберіледі. Содан кейін олар өздері тексереді», – деп түсіндірді министр