$ 447.94 € 502.32 ₽ 5.52
Жаңалықтар

Қазақстанда жерлеуге берілетін жәрдемақының тәртібі өзгереді: кімдер ала алмайды

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жерлеуге арналған біржолғы мемлекеттік төлемді тағайындаудың жаңа талаптары күшіне енеді. Жәрдемақы алуға үміткер азаматтардың әлеуметтік жағдайы бағаланып, материалдық тұрғыдан қамтамасыз етілген отбасыларға шектеу қойылады. Ал 2027 жылға ұсынылған айлық есептік көрсеткіш бекітілсе, төлем мөлшері 164 мың теңгеден асады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

2027 жылы жерлеуге қанша ақша төленеді

uchet.kz мәліметінше, Қазақстанда жасына байланысты зейнетақы, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін немесе мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алып жүрген азамат қайтыс болған жағдайда, оны жерлеуге республикалық бюджет есебінен біржолғы төлем қарастырылған. Бұл қаражат қайтыс болған адамның отбасы мүшелеріне немесе жерлеу рәсімін ұйымдастырған адамға беріледі.

Әлеуметтік кодекске сәйкес, жерлеуге арналған төлем мөлшері тиісті қаржы жылына белгіленген 35 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) тең. Ал Ұлы Отан соғысының ардагері болған зейнетақы алушы қайтыс болған жағдайда төлем мөлшері 36,6 АЕК болып есептеледі.

2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында 2027 жылғы АЕК мөлшері 4 693 теңге деңгейінде ұсынылған. Егер бұл көрсеткіш өзгеріссіз бекітіліп, төлемді есептеуге қолданылса, жерлеуге арналған біржолғы төлем мынадай болады:

  • 164 255 теңге – зейнетақы немесе мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушы қайтыс болған жағдайда;
  • 171 763,8 теңге – Ұлы Отан соғысының ардагері болған зейнетақы алушы қайтыс болған жағдайда.

Салыстырмалы түрде айтсақ, 2026 жылы АЕК мөлшері 4 325 теңгені құрайды. Осы көрсеткіш бойынша жерлеуге арналған 35 АЕК мөлшеріндегі төлем 151 375 теңгеге тең.

Айта кетейік, 2027 жылға арналған төлемнің нақты теңгелік мөлшері бюджет заңында бекітілетін және тиісті төлемге қолданылатын АЕК көрсеткішіне байланысты анықталады.

Жерлеуге берілетін төлем кімдерге тағайындалмайды

2027 жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен жерлеуге арналған біржолғы төлемді тағайындау кезінде азаматтардың әлеуметтік әл-ауқат деңгейін бағалау көзделген.

Жаңа тәртіпке сәйкес, әлеуметтік жағдайы жоғары деп танылған азаматтарға төлем алу құқығы берілмейді.

Атап айтқанда, шектеу мына екі санатқа қатысты:

  • А санаты – әлеуметтік әл-ауқат деңгейі жоғары отбасылар мен азаматтар;
  • В санаты – материалдық тұрғыдан ауқатты отбасылар мен азаматтар.

Бұл санаттар отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағалау әдістемесіне сәйкес айқындалады, яғни жерлеуге арналған төлемді тағайындау кезінде өтініш берушінің және отбасының материалдық жағдайы да ескеріледі.

Алғашқы бағалау нәтижесінде отбасы А немесе В санатына жатқызылса, оған біржолғы төлем тағайындалмайды. Осылайша, мемлекет әлеуметтік қолдау шараларын азаматтардың нақты мұқтаждық деңгейіне қарай бөлу тәсілін қолданады.

Төлем алу үшін қандай мәліметтер тексеріледі

Жаңа тәртіп бойынша жерлеуге арналған біржолғы төлемді алу үшін өтініш беруші мен отбасының кәмелетке толған мүшелері жеке деректерін жинауға, өңдеуге, тексеруге, жаңартуға және беруге келісім беруі тиіс.

Бұл талап отбасының әлеуметтік әл-ауқат деңгейін объективті бағалау үшін енгізілген. Атап айтқанда, уәкілетті органдарға мынадай мәліметтерді тексеруге келісім беріледі:

  • Банк құпиясына жататын мәліметтер;
  • Заңмен қорғалатын өзге де жеке деректер;
  • Несие бойынша жалпы берешек сомасы;
  • Кредиттердің ай сайынғы төлем мөлшері;
  • Мерзімі өткен қарыздар;
  • Несиенің қалған берешегі туралы ақпарат.

Несиеге қатысты мәліметтер мемлекеттің қатысуымен жұмыс істейтін кредиттік бюродан алынуы мүмкін. Жиналған ақпарат негізінде отбасының әлеуметтік жағдайы бағаланып, мемлекеттік төлемге құқығы бар-жоғы анықталады. Жаңа талаптар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Осылайша, жерлеуге арналған мемлекеттік төлемді тағайындау кезінде қайтыс болған адамның әлеуметтік төлем алушы мәртебесімен қатар, өтініш берушінің әлеуметтік әл-ауқат деңгейі де ескерілмек.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button