TOP-2Жаңалықтар

«Қазақтелеком» елдегі бейнебақылау жүйелерін біріктіретін оператор болады

Үкіметтің қаулысымен «Қазақтелеком» АҚ Ұлттық бейнемониторинг жүйесінің операторы болып белгіленді. Құжат 23 қазанда күшіне енеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бұл статус «Қазақтелекомға» қандай қосымша міндеттер мен басымдықтар жүктейтінін биыл 25 тамызда қолданысқа енген «Киберқауіпсіздік туралы» заңның 30-1-бабы айтып тұр. Сол бапқа сүйенсек, ұлттық оператор ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосылуға міндетті нысандардың санаттарын айқындайды. Оларға мемлекеттік органдардың, терроризм тұрғысынан осал нысандардың, қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйелерінің, қоғамдық орындардағы бейнебақылау камералары жатады. Үкіметтің ұлттық жобасында бейнебақылау жүйелерін бірыңғай ұлттық жүйеге кезең-кезеңімен біріктіруді 2028 жылдың төртінші тоқсанына дейін аяқтау көзделген.

Осылайша «Қазақтелекомның» мойнына мынандай жаңа міндеттер жүктеліп отыр:

  • бейнебақылау жүйелерін ұлттық жүйеге қосуға арналған техникалық шарттарды беру;
  • деректерді өңдеу орталықтары мен технологиялық платформалардың жұмысын қамтамасыз ету және дамыту;
  • ұлттық жүйенің жұмысын бақылау және мониторинг жүргізу;
  • бейнемәліметтердің сақталуын қамтамасыз ету;
  • киберқауіпсіздік оқиғаларын бақылау және оларға ден қою үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру;
  • мемлекеттік органдар мен өзге уәкілетті пайдаланушыларға жүйеге техникалық қолжетімділік ұсыну.

Заңның 30-1-бабы және ұлттық бейнемониторинг жүйесінің жұмыс қағидалары жүйеге қосылатын нысандар мен оның жұмыс тәртібін белгілейді.

Қарапайым тілмен айтқанда, «Қазақтелеком» жүйені мемлекеттік органдарға техникалық тұрғыдан қолжетімді етіп, киберқауіпсіздік оқиғаларына тәулік бойы ден қоюға жауапты болады.

Back to top button