$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41
Спорт

ҚПЛ клубтары жаппай айыппұлмен жазаланды: бұған не себеп

Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) Премьер-лига клубтарына тәртіп бұзушылықтар үшін жалпы сомасы 4,41 миллион теңге айыппұл салды. Жазаланған командалардың қатарында «Алтай», «Каспий», «Ақтөбе» ұжымдары бар, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Неше үшін жазаланды

Informsports.kz мәліметінше, Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және этикалық комитеті 25 қыркүйек күні өткен отырыста ел чемпионатының 6, 25 және 26-турларындағы матчтарға қатысты шешімдер қабылдады.

Жанкүйерлердің пиротехника қолданып, стадиондағы қауіпсіздік талаптарының бұзылуы осындай шара қолданылуына түрткі болған. Ол ғана емес, матчтардың кеш басталып, ойыншылардың көп ескерту алуы да жағдайға себеп.

Ең ірі айыппұлдардың бірі «Алтай Өскеменге» салынды. ҚФФ клубты «Қайсарға» қарсы өткен матчта жанкүйерлерінің файер қолданғаны үшін 60 АЕК, ал бес футболшысының сары қағаз алғаны үшін тағы 100 АЕК төлеуге міндеттеді. Жалпы айыппұл – 160 АЕК. Одан бөлек, қақпа торының бүлінуіне байланысты ойынның үш минут кеш басталғаны үшін клубқа ескерту жасалды.

Бес ойыншы ескерту алды

«Жеңіс» те осынша көлемде айыппұл арқалады. «Ақтөбемен» өткен матчтың бес минутқа кеш басталғаны үшін 60 АЕК, бес ойыншысының ескерту алғаны үшін 100 АЕК айыппұл белгіленді.

«Каспийге» де 160 АЕК айыппұл салынды. Команда жанкүйерлерінің «Қайратқа» қарсы матчта балағат сөздер айтқаны үшін 60 АЕК төлейді. Ал «Ақтөбемен» кездесуде пиротехника қолдану, матчтың ресми тұлғасын қорлау және дрон ұшыру фактілері үшін тағы 100 АЕК айыппұл тағайындалды.

«Ақтөбе» клубына жалпы 120 АЕК айыппұл салынды. Оның 60 АЕК-і «Жеңіспен» ойынның кеш басталуына, қалған 60 АЕК-і көрермендердің алаңға шығуына байланысты қауіпсіздік талаптарын қайталап бұзғаны үшін берілді.

Үш клуб 100 АЕК төлеуі тиіс

«Жетісу», «Қызылжар» және «Ертіс» клубтарының әрқайсысына 100 АЕК көлемінде айыппұл белгіленді.

«Жетісу» «Ертіске» қарсы матчта төрт футболшысының сары қағаз алуына, бас бапкерінің ескерту алуына және бір ойыншысының алаңнан қуылуына байланысты жазаланды. Сонымен қатар Сержан Мужиков қарсыласын гол соғудың айқын мүмкіндігінен айырғаны үшін бір матчқа шеттетілді.

«Қызылжар» төрт ойыншысы мен бас бапкер көмекшісінің ескерту алуына байланысты айыппұл төлемек.

Жанкүйерлер алаңға жүгіріп шыққан

Ал «Ертіс» пен «Оқжетпес» арасындағы кездесу жедел жәрдем көлігінің уақытында келмеуінен тоғыз минут кеш басталған. Осы жағдай үшін павлодарлық клубқа 100 АЕК айыппұл салынды. Сондай-ақ «Оқжетпес», «Қайсар» және «Ордабасы» клубтарына 60 АЕК-тен айыппұл тағайындалды.

«Оқжетпес» жанкүйерлері файер қолданғаны үшін жазаланса, «Қайсар» матч аяқталған соң бөгде адамдардың алаңға шығып, жанкүйерлердің дауыс зорайтқыш пайдалануынан айыппұл арқалаған.

«Ордабасы» мен «Астана» кездесуінде алаң маңында бөгде адамдар мен мотоциклдердің болуы, сондай-ақ жанкүйерлердің дыбыс күшейткіш құрылғыларды қолдануы тәртіп бұзушылық ретінде тіркелді.

Back to top button