Ермек Көшербаев жаңа қызметке тағайындалды
Ермек Беделбайұлы Көшербаев Қазақстанның Аустриядағы елшісі әрі Қазақстанның Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ермек Көшербаевтың өмірбаяны
Ермек Беделбайұлы Көшербаев 1965 жылы 2 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. 1988 жылы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тарихшы, тарих пәнін шет тілінде оқытушы мамандығы бойынша бітірген. 1993 жылы Дипломатиялық академияны халықаралық қатынастар және сыртқы саясат мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1988 жылы Алматыдағы №170 орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. Сол жылы Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігіне қызметке ауысып, кейін министрдің көмекшісі, бірінші хатшы лауазымдарын атқарған.
1993-1997 жылдары Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік протокол басқармасында, Президент аппаратында және Қазақстанның Швейцариядағы елшілігінде жұмыс істеген. 1997–1999 жылдары премьер-министрдің көмекшісі болған.
Кейін «Нұрсұлтан Назарбаев білім қоры», «ҚазТрансОйл», «ҚазМұнайГаз», «Рауан Медиа Групп», «Атамекен», «Отан» партиясы және KazEnergy қауымдастығында басшылық қызметтер атқарған. 2009–2010 жылдары «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы болған.
2010–2014 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, кейін бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. 2014–2016 жылдары ауыл шаруашылығы вице-министрі, 2016–2018 жылдары осы министрліктің жауапты хатшысы болған.
2018 жылы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы, 2019 жылы сыртқы істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалған. 2020 жылғы 29 қаңтарда Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалып, бұл қызметті 2023 жылға дейін атқарған.
2023 жылғы 16 маусымда Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған. Өңірді 2025 жылғы 14 ақпанға дейін басқарған. Одан кейін премьер-министрдің орынбасары қызметіне ауысқан. 2025 жылғы 26 қыркүйекте Қазақстанның сыртқы істер министрі болып тағайындалған. Осы жылы министр қызметінен кеткен.